Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

28 миллиард теңге бөлінген: Алматыда "Қалқаман" метро бекеті 2026 жылы қаңтарда ашылады

Алматы әкімі Ерболат Досаев болашақ "Қалқаман" метро бекетінің құрылыс алаңына барып, қаланың маңызды инфрақұрылымдық нысандарының біріндегі жұмыс барысымен танысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Алматы әкімдігі

Әкімдіктің мәліметінше, метро бекеттің құрылысы 2020 жылы басталған. Бірақ Наурызбай ауданының қарқынды дамуына байланысты 2022 жылы оның трассировкасы мен орналасуы қайта қаралған.

“Жаңа жобада жерасты тоннельдерінің ұзындығы 1,98 км болады. Ал бекет Абай даңғылы бойында, Әшімов көшесінен батысқа қарай орналасады. Платформаның ұзындығы 98 метр, ал оған іргелес аумақта 380 автотұрақ орны және 28 автобус тұрақ орны қарастырылады. Жобаның бас мердігері – "BCN-Group" (бұрынғы Bazis Construction)”, – делінген хабарламада. 

Әкімдік метро құрылысына 2024 жылы қаржыландырудың жеткіліксіз болғанын растады. Дегенмен соған қарамастан қазіргі уақытта жаңа бекет үшін қазылған шұңқырды әзірлеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр екен.

“Сол жақ тоннельді қазу жұмыстары 100% аяқталды. Бастапқыда екі тоннельде бірден екі қазу кешенімен қазу жұмыстары тәулігіне орташа 3 метр жылдамдықпен жүрді. Алайда, құрылғылардың бірінің істен шығуына байланысты оң жақ тоннель бойынша тек 559 метр қазылды. Ал жоспар бойынша 1587 метр болуы керек еді”, – деп қосты әкімдік.

Фото: Алматы әкімдігі

2025 жылы жобаны жалғастыру үшін 28 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражатқа екінші тоннельді қазу, жер қазу және бетондау жұмыстары, сондай-ақ қажетті жабдықтарды сатып алу жоспарланған.

Досаев нысанды 2026 жылдың қаңтарына дейін аяқтауды міндеттеді.

Әкім мердігерге қосымша қазу кешенін іздеп, оң жақ тоннельді екі жақтан бір уақытта қазуды жалғастыруды ұсынды.  .

Бұл метро бекетінің ашылуы қаладағы көлік қозғалысын жақсартып, метро пайдаланушыларының санын тәулігіне 30 мың адамға арттырады. Мысалы, "Сарыарқа" және "Бауыржан Момышұлы" бекеттері іске қосылғаннан кейін метро жолаушыларының саны 50 мыңнан 110 мың адамға дейін көбейген.

Талқылау