Алматыда қалың қар жауып, қатты көктайғақ болады: Ескерту жарияланды
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті ауа райына қатысты ескерту жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
17 -18 қараша күні Алматыда қар жауып, қалың тұман түсіп, көктайғақ болады.
Осыған байланысты ТЖД көлік жүргізушілеріне мынадай қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады:
- Жолға мұқият назар аударыңыз, қозғалыс кезінде телефонды пайдаланбаңыз және машинаны басқаруға кедергі келтіретін бөгде әрекеттерге алаңдамаңыз;
- Есіңізде болсын: егер сіз көлік жүргізу кезінде кенеттен тоқтасаңыз, дөңгелектер құлыпталып, көлік құралын жүргізуге кедергі келтіреді;
- Жол қозғалысы ережелерін, қашықтықты сақтаңыз, кенеттен маневр жасаудан және басып озудан аулақ болып, жаяу жүргіншілерге абай болыңыз, айналаңыздағы автокөліктерге назар аударыңыз.
Жаяу жүргіншілерге арналған ұсыныстар:
- Есіңізде болсын, қар мен көктайғақ кезінде көлік жүргізушісі бақылауды жоғалтуы мүмкін, салдарынан жаяу жүргіншілерді қағып кетуі мүмкін;
- Көшелердегі жол қозғалысы белгіленген орындардан өту керек;
- Абай болыңыз, жолдан өткен кезде, басқаға (ұялы телефонмен сөйлесу және т. б.) алаңдамаңыз;
- Әрқашан алдыңызға және аяқ астына қараңыз;
- Аяқ киімді дұрыс таңдауға назар аударыңыз. Аяқ киім тайғанамайтын материалдан жасалған тегіс табанды болуы тиіс;
- Мұз қатқан жолда тепе-теңдікті сақтау үшін қолыңызды қалтаңызға салмаңыз;
- Есіңізде болсын, тротуарлар, көлік аялдамалары, дүкендерге кіреберістегі баспалдақтар, тіпті үйдің кіреберісінен де адамдар жиі құлап, жарақаттануы мүмкін.