Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда Instagram арқылы көйлек "сатумен" айналысқан әйелдің үстінен іс қозғалды

Фото: istockphoto.com

Алматыда интернет-алаяқтық жасады деген күдікке ілінген әйел ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Полицияның мәліметінше, күдікті әлеуметтік желілер арқылы кешкі көйлектерді "сатумен" айналысқан. Күдікті Instagram желісінде біркүндік парақшалар ашып, киім сату туралы хабарландырулар жариялаған және сатып алушыларға алдын ала төлем немесе кепілақы аударуды ұсынған. Жәбірленушілер ақша аударғаннан кейін күдікті аккаунттарын бұғатталып, хабарламаларды өшіріп отырған.

"2000 жылы туған М. есімді азаматшаға қатысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс тергелуде. Оның осыған ұқсас бес дерекке қатысы бары анықталды", – делінген полиция хабарламасында. 

Астаналық алаяқ Tinder-де "Нұрай" боп танысып, жігіттен 4 миллион теңге алдап алған

Алаяқтар қазақстандықтардың WhatsApp желісіне білдірмей кіріп жатыр


Полиция күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді. 

“Өкінішке қарай, интернет-алаяқтықтың мұндай тәсілдері әлі де кең таралған. Алаяқтар жалған интернет-дүкен бейнесін жасап, азаматтардың сенімін пайдаланады. Біз тұрғындарды онлайн-сатып алулар кезінде барынша сақ болуға, бейтаныс адамдарға ақша аудармауға және мәміле жасамас бұрын сатушыларды мұқият тексеруге шақырамыз”, – дейді Алатау ауданы полиция басқармасының бастығы Еділхан Байғараев.

Еске салсақ, бұған дейін төсбелгі сатып алмақ болған қазақстандық мұғалімдер алаяққа алданып қалғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 26 Қаңтар, 2026 22:04