Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда есірткі сатты деген күдікпен бұрынғы тергеуші ұсталды

Алматыда есірткі сақтап, сатты деген күдікпен екі әйел ұсталды. Әйелдердің бірінің бұрын Қарағанды облысында тергеуші болып жұмыс істегені анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: polisia.kz

Әлеуметтік желіде бұрынғы тергеушінің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Желіде тараған суреттен оның қызметтік куәлігі мен жетонын көруге болады. Куәлікте Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы қол қойғанын және оның 2027 жылдың мамырына дейін жарамды екені көрсетілген.

Алматы қалалық полиция департаменті желіде тараған ақпаратқа қатысты пікір білдіріп, 25 жастағы екі әйелдің ұсталғанын растады. Олардың жалдамалы пәтерінде жүргізілген тінту барысында есірткі заттары табылып, тәркіленген.



Ал Қарағанды облыстық полиция департаменті Алматыда есірткімен ұсталған күдіктілердің бірінің бұрын өңірдегі полиция департаментінде тергеуші болып жұмыс істегенін растады.

"Ол өткен жылдың тамыз айында ішкі істер органындағы қызметінен босатылған. Қызметтен босатылған кезде ол қызметтік куәлігін жоғалтып алғанын мәлімдеген", – делінген Қарағанды облыстық полиция департаментінің хабарламасында. 

Еске салсақ, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында полиция полковнигінің ұлы есірткі сатқаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылғанын жазған едік. 

Талқылау