Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда ерекше балалар оқитын мектеп қаржыландырылмай, оқушылары мәжбүрлі демалысқа жіберілді

Алматыда ерекше балалар оқитын мектеп қаржыландырылмай, оқушылары мәжбүрлі демалысқа жіберілдіФото: Видеодан скрин

Алматыда мемлекет тарапынан қаржыландыру тоқтатылып, “Академия педагога” жекеменшік мектепте оқитын жүздеген оқушы мәжбүрлі түрде жоспардан тыс демалысқа жіберілді. Ата-аналар баламыз білім алу мүмкіндігінен айырылды деп алаңдап отыр
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

“Академия педагога” жекеменшік мектебінде 245 ерекше бала білім алады. Мектеп әкімшілігі мен ата-аналардың айтуынша, осы уақытқа дейін білім ордасы мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында қаржыландырылып келген. Алайда қаңтарда бұл қаржы тоқтатылыпты. Соның салдарынан мұндағы 50 мұғалім де жұмыссыз қалған. Шенеуніктердің айтуынша, қаржыландырудың тоқтауына мектеп ғимаратының құжаттары себеп болған.

“Қызым сөйлей алмайтын, жаза алмайтын, досы да жоқ, Қазір осы мектепке келе, оның досы пайда болды. Әріп те оқимыз, өзіміз отырып жұмыс та істей аламыз. Мен ана ретінде Үкіметтен сұраймын, осы біздің мектепті қаржыландырса екен”, – дейді ата-аналардың бірі Әсемгүл Сұлтанова.

Білім басқармасының мәліметінше, мектеп жеке тұрғын үй ретінде тіркелген ғимаратта орналасқан. Ал мемлекеттік тапсырыс алу үшін нысанның мақсаты білім беру қызметіне сәйкес болуы тиіс. Енді құжаттар талапқа сай рәсімделген жағдайда ғана оқу орны қайтадан қаржыландыру конкурсына қатыса алады. Ал ата-аналар мен мектеп ұжымы жер телімінің нысаналы мақсаты өзгертілгенге дейін оқуын тоқтатпай, балаларға білім беруді жалғастыруға мүмкіндік сұрап отыр.

“Мемлекеттік білім беру тапсырысын алу үшін жекеменшік мектеп орналасқан ғимараттың нысаналы мақсаты білім беру қызметіне сәйкес болуы тиіс. Осыған байланысты “Академия педагога” жекеменшік мектебі қолданыстағы заңнамаға қайшы келетінін хабарлаймыз. Қазір қаладағы 216 мектепте инклюзив білім беру енгізілген”, – дейді Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіндегілер.

Сондай-ақ ведомство ерекше балаларға арналған 8 арнайы оқу орны жұмыс істейтінін, қажет болған жағдайда бұл мекемелер ерекше балалардың білім алуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 17 Ақпан, 2026 08:56