"Ол есі ауысқан адамға ұқсайды": Алматыда ер адам қызды ұрлап кетпек болған
Әлеуметтік желіде Алматы қаласында ер адамның қызды күштеп көлікке отырғызып, ұрламақ болғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos
TikTok әлеуметтік желісінің қолданушысы Нәзігім Райханованың сөзінше, оқиға 8 қаңтарда Гоголь және Амангелді көшелерінің қиылысында болған.
"Жаттығудан шығып, бір сағат жаяу жүріп, үйге қарай таксиге тапсырыс беремін деп ойладым. Жаяу келе жатып, жолда қыздың айқайлап, көмек сұраған дауысын естідім. Басында біреулердің отбасылық мәселесі шығар деп, мән бермедім. Бір уақытта тоқтап, не болып жатқанына көз жеткізбек болдым. Сосын айқай шығып жатқан жерге бардым. Келсем ер адам қызды көлікке күштеп отырғызғалы жатыр екен. Ал қыздың бар күшімен көліктен шығуға әрекет етіп жатқанын көрдім. Бірақ ер адам оны көлікке отырғызып алды", – дейді куәгер қыз.
Желі қолданушысы көлік нөмірі мен түсін жаттап алып, бірден полиция шақырыпты.
"Оқиға болып жатқан жерге жүгіріп бардым. Көлік ішіндегі қыз есін білмейді. Сол сәтте тағы бір әйел келіп есікті ашуға тырысты. Алайда есік ішінен жабылған екен. Мұның бәрі өте тез болды. Сол сәтте ер адам көлікті жүргізуге тырысты, бірақ әйел көліктің алдына тұрып алды. Көліктегі ер адам оны итеріп жіберіп, балағат сөз айтты да кетіп қалды. Ол есі ауысқан адамға ұқсайды. Мен көліктің нөмірін, маркасын, түсін және ер адамның түрін жаттап алдым. Полицияға хабарластым. Олар 2-3 минутта келіп жетті. Мен үшін 3 минут 3 жылдай өтті. Полиция көліктің ізіне түсіп, 10-15 минуттан кейін ер адамның ұсталып, қыздың құтқарылғанын хабарлады", – дейді ол.
@raikhanova.nazugum Хочу чтобы это видео дошло до неё и она вышла на связь 🙏🏻 действительно ли задержан мужчина и все ли с ней хорошо 🙏🏻🙏🏻🙏🏻
♬ оригинальный звук - raikhanova.nazugum
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы қаласы полиция департаментінен мән-жайды сұрап білді. Полиция мәліметінше, жәбірленуші қыз арыз жазудан бас тартқан.
"8 қаңтар күні "102" пультіне қызды ұрлау ықтималдығы туралы қоңырау түсті. Оқиға орнына бірнеше патрульдік полиция жасағы жөнелтілді. Куәгерлердің көмегінің арқасында олар көлікті ұстады. Оқиғаға қатысушылар Алмалы аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Тергеу барысында бойжеткен жігітіне қатысты арыз жазудан бас тартты. Олардың арасында жанжал туындағанын және оған ешқандай шағымы жоқ екенін айтты", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда бір топ ер адам қызды көлікке күштеп отырғызып, зорлап, есірткі қолдануға мәжбүрлегені туралы ақпарат тарағанын жазған едік.