Алматыда ер адам кафеден тапсырыс берілген сусынды ішкеннен кейін өңешін күйдіріп алған

Алматыда жеткізіп берілген "компоттан" бір ұрттам ішкен ер адам ауыр химиялық күйік алды. Жәбірленушінің ауыз қуысы, өңеші мен асқазаны зақымданып, дәрігерлер шұғыл көмек көрсетуге мәжбүр болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматыда дәмхана жеткізген сусыннан кейін жас жігіт ауыр халге түсті. Туыстарының айтуынша, "компот" деп берілген сусын күйдіргіш сұйықтық болып шыққан. Қазір науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Жақындары бұл жағдайды қасақана жасалған әрекет деп бағалап, істі қылмыстық баппен қарауды талап етуде.
Жәбірленушінің анасы болған оқиғаға қатысты жанайқайын жеткізді.
"Мен қазір қандай күйде екенімді сөзбен жеткізе алмаймын. Бұл – біздің отбасымыз үшін үлкен соққы. Таңертең ғана естідім, әлі өз-өзіме келе алар емеспін. Балаларым тамаққа тапсырыс берген. Онымен бірге “компот” деп сусын әкелген. Күйеу балам бір ұрттап, бірден аузынан түкіріп үлгерген. Бірақ сол сәтте өңеші, асқазаны, беті күйіп қалды. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр. Бұл жай әбестік емес. Компоттың орнына у берілгендей. Оның орнында бала да болуы мүмкін еді. Кез келген адам болуы мүмкін еді. Қызым арыз жазды. Бірақ істі азаматтық іс ретінде қарамақшы екен. Бұл қылмыстық іс болуы керек. Мұны адам өміріне қастандық деп тану қажет. Біз мұны осылай қалдырмаймыз. Енді әр адам ішіп-жеген асына күмәнмен қарайтын болды”, – деп жазды жәбірленушісінің туысы Саодат Жураева.
Жазба авторының мәліметінше, ауыз қуысы, өңеш, асқазан, сондай-ақ бет терісі зақымданған. Дәрігерлер химиялық күйік диагнозын қойған.
Жеткізу Bai Tal Kitchen кафесінен рәсімделгені айтылды. Материал жарияланған сәтте мекеме өкілдері ресми түсініктеме бермеген. Жазба авторы мәселені дауға айналдыруды мақсат етпейтінін, алайда құзырлы органдар тексеріс жүргізіп, құқықтық баға беруін сұрайтынын жеткізді. Оқиғаның мән-жайы мен бөтелкедегі сұйықтықтың нақты құрамы сараптама нәтижесінде анықталмақ.
- Ақтауда жылу құбырының жарылуынан бір баланы күйік шалып, мүгедек болып қалды
-
Алматыда апат салдарынан үйлерді қайнаған су басып, 4 адам күйіп қалды
Еске салайық, былтыр Қарағандыда төрт жасар қыз мейрамханада отырған кезде даяшы абайсызда үстіне қайнаған шай төгіп алған. Соның салдарынан бала екі аяғынан III дәрежелі күйік алып, облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Анасының айтуынша, оқиға кезінде мекеме қызметкерлері жедел жәрдем шақырмаған, ал мейрамхана иесі дөрекі жауап берген. Кейін жәбірленуші тарап басшылықпен сөйлескенін, бірақ өтемақы талап етпейтінін мәлімдеді.
Қазақстандық ер адам Көк төбедегі қымбатшылыққа шағымданды: Саябақтың иесі кім және неліктен бағалар жоғары?