Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы элиталық Esentai City кешеніндегі Spa-салон құқық қорғау органдарына берілмек

Фото: Яндекс.Карта

Алматыдағы элиталық Esentai City тұрғын үй кешенінде орналасқан Spa-салон мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында күштік құрылымдардың қарамағына берілмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

E-qazyna порталында тәркіленген жылжымайтын мүлікті бір мемлекеттік органнан екіншісіне беру туралы кезекті хабарландыру жарияланды. Хабарландыруда Esentai City кешенінде орналасқан жылжымайтын мүлік көрсетілген.

Фото: sauda.e-qazyna.kz

Өтінімдерді қабылдау 3 ақпан күні аяқталады, сауда сол күні басталады.

Хабарламада аталған нысанның тұрғын емес үй-жай екені, ауданы 122,5 шаршы метрді құрайтыны көрсетілген. Нысанның бағаланған құны шамамен 255,4 миллион теңге. Айта кетейік, нысан орналасқан аудандағы осыған ұқсас коммерциялық жылжымайтын мүліктің нарықтық бағасы 300 миллион теңгеден асады.

2GIS және Яндекс.Карта деректеріне сүйенсек, порталда жарияланған мекенжайда “Suite Spa” атты spa-салон орналасқан. Соланда келушілерге арналған тай массажы, антицеллюлиттік, релаксацияларға арналған массаж сияқты қызметтер көрсетілген.

Сипаттамада аукционның құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарға жататын мемлекеттік заңды тұлғаларға мүлікті беру нысанында өткізілетінін көрсетілген. Нысанның құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарға берілуінің себебі, мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті күшейту мақсаттары екені айтылған.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыдағы элиталық Esentai City тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер күштік құрылым өкілдеріне беріліп жатқаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 28 Қаңтар, 2026 19:44