Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда бір апта бұрын төселген асфальт опырылып, автобустар жүре алмай қалды (видео)

автобус асфальт ішіне кіріп кеткенФото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде Алматыдағы Әуезов ауданы Яссауи көшесінде (Абай даңғылынан төмен) жаңа төселген асфальттың опырылып қалғаны түсірілген видео тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желіде тараған видеодан екі жолаушылар автобусының тоқтап тұрғанын байқауға болады. Себебі олар асфальттың опырылып түсуіне байланысты бір орыннан қозғала алмай қалған. 


Семей орталығында жүк көлігі "асфальт астына" кетті (видео)


Қостанай облысының 98 ауылында алғаш рет асфальт пайда болады


"Яссауи көшесіне бір апта бұрын ғана жаңа асфальт төселді. Алайда қазірдің өзінде жабын ойылып, шұңқырлар пайда болды. Мұндай жолдың жағдайы жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіріп, көлік құралдарына зиян келтіруі мүмкін", – делінген жазбада. 

Ал екінші видеода автор оқиға орнына екі трактор, КамАЗ, полиция қызметкерлері және коммуналдық қызмет өкілдері келгенін жеткізді. Енді олар асфальтқа батқан автобустарды шығару жұмыстарына кірісіп жатыр. 

Әкімдік мәліметінше, Яссауи көшесінің Дастан көшесімен қиылысатын бөлігінде 100 шаршы метр аумақта жол жамылғысы опырылды. Бұл жерде бұған дейін мердігер ұйым ұзындығы 2,8 шақырым кәріз желілерін салу жұмыстарын жүргізген екен.

"Қатты жауын-шашын кезінде абоненттік желілер жүргізілген траншеяларды су шайып, топырақ қабаты босаңсып, салдарынан асфальт опырылды. Жол жабындысының тұтастығы бұзылды", – делінген хабарламада. 

Әкімдік мәліметінше, жобаға техникалық қадағалау жүргізген мамандар жұмыстардың нормалар мен талаптарға сай орындалғанын түсіндірген. Дегенмен атқарылған жұмыстардың сапасын тексеру үшін Қалалық құрылыс бақылау басқармасына сұрау жолданған.

"Жер дұрыс нығыздалмаған болуы да ықтимал. Бұл тексеріс нәтижесінде белгілі болады", – деді әкімдіктегілер.

Қазір оқиға орнында қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстарын 18 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланып отыр. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жауын кезінде асфальт опырылып, ондаған көлікке зақым келгені туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 17 Қыркүйек, 2025 12:54
Талқылау