Алматыда әйел балабақшадан біреудің баласын ұрлап әкетпек болды
Алматы қаласында әйел адам балабақшадағы 5 жасар баланы ұрлап әкетпек болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл жағдай 16 шілде күні Медеу ауданының Төлебаев және Гоголь көшелерінде орналасқан мектепке дейінгі мекемеде болған.
«Тәрбиешінің айтуынша, олар балалармен серуендеп келіп, топқа кірген. Осы сәтте балабақшаға ұзын көйлек, қара көзілдірік және жиегі үлкен бас киім киген әйел кіріп келеді. Ол «Өтініш, Әлиханды шақырып жіберіңізші» деп айтқан екен. Өзін әпкесімін деп таныстырып, асығып тұрғанын айтады.
Кейін баланы қолынан жетектеп, балабақшадан жылдам шығып кетуге тырысады. Тәрбиеші «Тоқтаңыз, біз сізбен жөндеп сөйлеспедік. Сізге баланы бұлай бере салмаймын» деп тоқтатып алады. Әйел адам өз кезегінде баланың ата-анасының жол апатына түскенін айтып, есікке қарай беттейді», - деді ұлдың анасы Лаура Мусина.
Тәрбиеші бастапқыда сенгенімен, бірнеше секундтен кейін тағы да сәйкессіздік байқайды. Бүлдіршінді қолынан ұстап тұрып, анасына хабарласатынын айтады. Сонда әйел анасының көлікте отырғанын және шақырып келетінін айтып жүгіріп шығып кетеді.
«Мен өзім үй шаруасындағы әйелмін. Видеодан әлгі әйелдің менің ұлыма қарай бара жатқаны түсіп қалған. Алайда мен де, күйеуім де оның кім екенін білмейміз. Ол өзін жақсылап жасырған екен», - деді ұлдың анасы.
Алматы қаласы полиция департаменті өз кезегінде аталған жағдайға қатысты тергеу жұмыстарының басталғанын айтты.
"Тіл тартпай қайтыс болған": Алматы облысында жүйіткіген автобустан әйел құлап кеткен >>>