Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Алматыда аулада 7 жасар баланы көлік қағып кетті (видео)

Фото: Видеодан скрин

Алматының Шұғыла ықшамауданында орналасқан Alem City 3 тұрғын үй кешенінің ауласында 7 жасар бала көлік астына түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі қалалық полиция департаментіне хабарласып, істің мән-жайын сұрап білді. 

Оқиға 2025 жылдың 11 мамыры күні күндіз болған. Видеодан екі баланың аулада ойнап жүргенін көруге болады. Осы уақытта олардың бірі жолдың бойына қарай жүгіріп бара жатады. Дәл осы сәтте көлік жүргізушісі балаға қарай қатты жылдамдықпен келіп, оны қағып кетеді. Оқиға басқа балалардың көз алдында болды.

Үйдің терезесінен түсірілген басқа бір видеода оқиға орнына жүгіріп келген ересектердің балаға көмек көрсетуге тырысып жатқан сәті анық көрінеді.

Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің мәліметінше, Changan маркалы автокөліктің жүргізушісі Шұғыла ықшамауданындағы аула жолымен оңтүстік бағытта келе жатып, шығыс бағытта жолды кесіп өтпек болған баланы қағып кеткен.

"Жол-көлік оқиғасы салдарынан бала әртүрлі дене жарақаттарын алып, қалалық ауруханалардың біріне жеткізілді. Аталған оқиға бойынша Наурызбай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тергеу жұмыстарын бастады", – деп хабарлады полиция өкілі Stan.kz тілшісіне.

Баланы көлік қаққан сәттің видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарап, көпшілік арасында үлкен резонанс тудырды.


Астаналықтар жүк көлігі баланы қағып кетуіне байланысты наразылыққа шықты


"Балалар алаңы ешкімді мазаламай ма": Астаналықтар дәл тұрғын үй ауласында көлік жуу орны салынып жатқанына шағымданды


Еске салайық, бұған дейін Астанадағы аулалардың бірінде велосипедпен кетіп бара жатқан баланы жүк көлігі қағып кеткен еді. Ауыр жарақаттардың салдарынан ол көз жұмды. Осы қайғылы жағдайдан кейін тұрғындар наразылыққа шығып, баланың өліміне BI сервис компаниясын кінәлады. Тұрғындардың сөзінше, аулада велосипедке арналған жол да, бағдаршам да жоқ. Сол себепті бала амалсыздан жолдың бойымен жүрген.

 

Айым Атамбаева
Жексенбі, 11 Мамыр, 2025 19:46
Талқылау