Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда ArtSport-қа бөлінген 2,5 млрд теңгеден астам қаражат ұрланған

Әкімдік, прокуратура басшылығы, жабдықтаушылар мен жұртшылық өкілдері Алматыда ArtSport бағдарламасы бойынша жұмсалған қаржыны тексеру қорытындысын шығарып, бюджеттен қомақты қаражаттың ұрланғанын жария етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

 

Әкімдік  баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматыда спорттық және шығармашылық тапсырысты жүзеге асыруға бөлінген қаржыны жымқыру үшін түрлі қылмыстық схемалар ойлап тапқан шенеуніктер мен олардың сыбайластары 2,5 миллиард теңгеден астам мемлекет қаржысын қалтасына басқан.

Олар жайлы қоғамдық жұмыс тобының отырысында толығырақ айтылды. 

"Келесі заң бұзушылықтар анықталды: жоқ ЖСН-ге 2,5 мың ваучер, басқа өңірлерде тіркелген балаларға 18 мыңнан астам ваучер алынған, сондай-ақ Алматыдан көшіп кеткен балаларға да (тұрақты тұруға кеткен, тіркеу орнын ауыстырған және т.б.) ваучер алынған, төрт жасқа дейінгі балаларға спорт секциясына 150 жолдама берілген", - деді Алматы қаласы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Алтай Бердіқұлов.

Ол қазіргі уақытта қолда бар ақпаратқа сәйкес, жалған қызметтер мен Алматыда тіркелмеген балалар үшін бюджеттен 2,5 миллиард теңгеден астам қаржы төленгенін айтты.

Тексеру қорытындысы бойынша материалдар құқық қорғау органдарына беріледі.

Еске сала кетейік, 2021 жылдың мамыр айынан бері Алматыда бағдарламаны жүзеге асыруға 12,8 млрд теңге бөлінген.

Талқылау