Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда Алтын Орда тарихынан сыр шертетін “Хан Сұлтан” операсы көрермендерге жол тартты

Алматыда 29 қарашада Абай атындағы опера және балет театрында Алтын Орданың тарихынан сыр шертетін “Хан Сұлтан” операсының премьерасы өтеді. Қойылымда Жошы ханның үшінші әйелі, Алтын Орданың билеушілерінің бірі- Берке ханның анасының қайсар бейнесі көрсетілген. Заманауи техниканың үнімен ежелгі тарихи нота үйлесім тапқан туынды көрермендер жүрегінен ерекше орын алмақ.

Фото: Stan.kz 

Туынды 29, 30 қараша мен 1 желтоқсанда қойылады. "Хан Сұлтан" операсын драматург Алмас Нүсіптің шығармасы негізінде Маралтай Ыбыраев жазып шыққан.

Операның басты кейіпкері – Хан Сұлтан. Ол ақылдылығы, қайсар мінезі және саяси көрегендігінің арқасында Алтын Орда тарихындағы маңызды тұлғаға айналып, өзін де, ұлдарын да Жошы ұлысындағы басты қайраткерлердің қатарына қосқан. 

Туындының идея авторы – Айнұр Көпбасарова.  

“Операларымыздың репертуар ауқымы үлкен. Биыл 90 жылдық торқаулы тойымызды атап өттік. 91-маусымды ашып отырмыз. “100 жылдықтың алдындағы жаңа белес” деп атап, соның аясында жаңа заманауи опералық қойлымды қолға алдық. Театрымызда ұлттық опералар көп. Олардың әрқайсысының өз орны бар. “Хан Сұлтан” да осы қатарда көрермендердің жүрегіне жол табады деп сенеміз”, – деді Айнұр Көпбасарова.

Әлемнен жиналған талантты шығармашылық тұлғалардың бірлескен еңбегінің нәтижесінде дүниеге келген жаңа ұлттық операның режиссері –  итальялық қоюшы Давиде Ливермор. Оның спектакльдері Миландағы La Scala, Рим операсы, Туриндегі Teatro Regio және Генуядағы Carlo Felice театрларында қойылған. Қоюшы дирижер – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының бас дирижері – Нұржан Байбосынов.

“Мен үшін осындай халықаралық театрда отыру үлкен мәртебе. Бұл менің қазақ тарихымен жұмыс істеген алғашқы тәжірибем емес. Бұған дейін Түркістанда “Бөрте” мен “ Мағжан” қойылымдарын ұсындық. Саламдағы ең маңызды тұс та осы – жаңа мәдениет пен тарихты тани түсу.  “Хан Сұлтанды” жасауға атсалысқан командамен жұмыс істегеніме өте қуаныштымын. Бұл опера менің жүрегімнен орын алды. Мұндағы әуез де, ән де өте әдемі. Дирижерға да, хорға да рахмет. Бұл грек оқиғасына ұқсайды. Сондықтан мен үшін ерекше”, – деді Давиде Ливермор.

Алтын Орда мұрасы түркі халықтарын біріктіретін рухани қазына. Сол себепті операның қойылуына түркітілдес елдердің  ғылыми орталықтары мен ғалымдары да зор үлес қосты. Операны жазу барысында Алтын Орда және татар хандарын зерттеу орталығының жетекшісі Ильнур Миргалеев, Ыстамбұл, Мармара университетінің профессоры Ілияс Кемалоглу және тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Атығаев ғылыми кеңесші ретінде қатысты.

“Бұл ана деген ұлылықты бейнелеу. Қазақ халқы да, түркі жұрты да кез келгені ананың алдында тізерлеп басын иеді. Бұл да ананы ұлықтайтын опера нұсқасы”, – деді туындының негізгі жазушысы Маралтай Ыбыраев. 

Фото: Stan.kz 

Ал афиша авторы Ассоль Сас Хан Сұлтанның бейнесі ерекше көрініспен жеткізді. 

"Жыртқыш құстың қанаты мен тұмсығы Хан Сұлтанның жүзін бас киім тәрізді жартылай жасырып  тұр. Бұл әрі қауіптің, әрі қорғаудың символы іспетті. Жанып жатқан қала – шайқастарды, жеңістер мен жеңілістерді баяндаса, сол оқиғалардың ортасындағы  оның тағдыры – жауынгерлердің әйелі мен анасы ретінде көрініс табады", – деді ол.   

Абай атындағы опера және балет театры ортағасырлық алып мемлекет –  Алтын Орданың құрылуына куә болып,  ғасырлар қойнауына жетелейтін, ұлы сезімге толы естен кетпес саяхатты ұсынады. Үш күн бойы көрермендерін қуантатын қойылымда театр артистері мен балет бишілерінің, хор мен симфониялық оркестрдің жанды орындауы болады. Сахнаның трансформациялық декорациясы, жарық эффектілері мен бейнепроекциялар көрерменді қойылымның басты кейіпкеріндей сезіндіреді.

Талқылау