Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда тұңғыш Мишлен деңгейіндегі мейрамхана ашылуы мүмкін

Фото: Freepik.com

Алматы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов биыл қалада алғашқы Michelin деңгейіндегі мейрамхана пайда болуы ықтимал екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ол Алматы нарығына әлемдік брендтерді тарту жұмысы тұрақты жүргізіліп жатқанын айтты. Қазір еуропалық, америкалық және азиялық серіктестермен келіссөздер жүріп жатыр. Олар жергілікті нарықты зерттеп, мүмкіндіктерді бағалап, шешім қабылдауға дайындалып жатыр.

"Жақын арада түрлі бағыттарда жаңа ойыншыларды көреміз. Қандай компаниялар екенін әзірге айта алмаймын, бірақ жыл сайын олардың саны артып келеді. Алматы - Қазақстандағы ең ірі қала, сондықтан олар өз қатысуын кеңейтуге өздері де мүдделі", - деді ол.

Сондай-ақ әкімдік үшін барлық бағыт басым екенін атап өтті: халықаралық сауда желілерінен бастап бөлшек сауда мен мейрамхана бизнесіне дейін.

"Гастроиндустрия туралы айтсақ, бұл - Michelin мойындаған шетелдік мейрамханалар. Қазір біз олармен жұмыс істеп жатырмыз, оларды біздің нарыққа тарту үшін. Биыл шетелде Michelin халықаралық мойындауына ие болған алғашқы мейрамхананың Алматыда ашылуын күтіп отырмыз. Бұл - нарыққа шетелдік ойыншыларды тартудың бір бағыты", -  деді Смағұлов.

Мейрамхананың атауы әзірге жарияланған жоқ, келіссөздер жалғасуда. Толық ақпарат бірнеше ай ішінде белгілі болады деп күтіліп отыр.

Еске салайық, Michelin Guide жұлдызы мейрамханаларға анонимді инспекторлар тарапынан беріледі. Олар ас сапасын, аспаз шеберлігін және қызмет көрсету деңгейін қарапайым қонақ ретінде бағалайды.

Айнұр Мұхади
Жұма, 03 Сәуір, 2026 13:39