Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда ағаштарды қасақана сындырған бұзақылар іздестіріліп жатыр

Вандалдар Үлкен Алматы өзенінің бойында отырғызылған ағаштарды сындырып кеткен. Жергілікті тұрғындар бұзақылық жасағандарды ұстауды талап етуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Төле би даңғылынан төмен орналасқан Сайран көлінен шығатын өзенді жағалап келеміз. Саяжолдың бойында осындай айуандық істеп кетіпті. Мұндай сұлулықты қалай құртуға болады? Ағаштарды жақында ғана отырғызған еді. Енді ғана бүршік атып келе жатқанда… Осындық жауыздық жасап кеткен. Мұны істегендердің табылып, жазалануын сұраймын. Өз қаражатына сындырған ағаштардан 10 есе көп етіп отырғызсын”, – дейді видео авторы.

Қала әкімдігі белгісіз біреулердің 30-дан астам көшетті сындырып кеткенін мәлімдеді. 

“Аталған дерек бойынша биыл 12 тамызда Әуезов ауданы әкімдігі және полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп тексеру жүргізді. Тексеру барысында 36 көшеттің ортасынан сынып кеткені белгілі болды (каталпа – 15 дана, акация – 8 дана және қарағаш – 13 дана). Бұл көшеттерді "Стамп сервис" ЖШС аудан әкімдігімен келісім жасап отырғызған. Компания қызметкерлері қылмыскерлерді анықтау үшін Әуезов аудандық ішкі істер бөліміне арыз түсірген”, – делінген хабарламада.

Полиция қызметкерлері оқиға куәгерлерінен сұхбат алып, бейнебақылау камерасындағы бейнелерді зерттеп жатыр. Сынған ағаштар жарамсыз болғандықтан, күзде мердігер компанияның көмегімен көшеттерді ауыстырылмақ.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, ағаштарды сындырған адамдар анықталған соң Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 386-бабына сәйкес (Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын бұзу) ескерту жасалып немесе жеке тұлғаларға 30 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін – 60, орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 100, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Талқылау