Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда 3500 метр биіктікте тауға шыққан қытайлық әйел өлім аузынан қалды

Фото: ТЖД

Алматы тауларында 3500 метр биіктікке шыққан қытайлық турист әйел жарақат алып төмен түсе алмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Оқиға Медеу ауданындағы Богданович мұздығы маңында болған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, 1998 жылы туған әйел басынан жарақат алып, қан кетуді байқаған. Ол өздігінен төмен түсе алмаған. Зардап шеккен турист үш адамнан тұратын топтың құрамында болған. Олардың барлығы ҚХР азаматтары.

"Құтқару операциясын жүргізу үшін жедел түрде Алматы қаласының Әмбебап құтқару бөлімшесінің, Құтқару қызметінің және Қазақстан ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері жіберілді. Нақты геолокация анықталғаннан кейін құтқарушылар туристерге жетіп, зардап шеккен әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетті және азаматтарды эвакуациялау туралы шешім қабылдады", – деп мәлімдеді ведомство.



Құтқару жұмыстары биік таулы жағдайда жүргізіліп, қараңғы түсуі кедергі келтіріп, қиындықтар туғызған. Заманауи жедел-құтқару техникасы мен реанимобильдің көмегімен шетелдік азаматтар Алматы қаласындағы медициналық мекемеге жеткізілді.

STAN.KZ
Жексенбі, 01 Ақпан, 2026 10:15