Алматыда 101 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері өмірден өтті

Алматыда Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Зинченко қайтыс болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Марқұмның қазасын немересі Threads желісінде хабарлады. Ол мұның үлкен қайғы екенін жазды.
“Біз осы ержүрек, әрқайсымыздың еркіндігіміз үшін күрескен адамдарды өз көзімізбен көрген соңғы ұрпақпыз. Оның рухына тағзым етіп, Василий Ивановичтің батырлығы мен ерлігін ұлықтайық. Мұндай адамдар халық жадында қалуы тиіс!”, – деп жазды ол.
Өмірбаяны
Василий Иванович 1924 жылы 29 наурызда Алтай өлкесі Хабаров ауданына қарасты Заливное ауылында дүниеге келген. Егер ол тірі болса 29 наурыз күні 102 жасқа толар еді.
Оның отбасы 1939 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Ұлы Отан соғысы жылдары Қызыл Армия қатарына шақырылып, барлаушылар мектебіне жіберілген, онда арнайы дайындықтан өткен.
Ол Ленинград, 2-Украина және Беларусь майдандары құрамында қызмет етті. Сталинградты қорғау, Украина мен Польшаны азат ету, Берлинді алу операцияларына қатысқан.
Соғыс жылдарындағы ерлігі мен батырлығы үшін Василий Зинченко “Сталинградты қорғағаны үшін”, “Германияны жеңгені үшін” медальдарымен, Отан соғысы ордені мен Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған.
Ардагерлер саны
Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, 2026 жылы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстанда 69 Ұлы Отан соғысы ардагері, жеңілдіктер бойынша теңестірілген 16 250 ардагер, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының 26 626 ардагері және 33 114 тыл еңбеккері тұрып жатыр.
Жаңа салық кодексі әлеуметтік кәсіпкерлерді жеңілдіктерден айырды – Тапсырыс жоқ, қарыз көбейді