Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы ТЖД 372 миллион теңгеге екі америкалық реанимобиль сатып алған

Алматы ТЖД 372 миллион теңгеге екі америкалық реанимобиль сатып алғанФото: Видеодан скрин

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік бюджет есебінен америкалық GMC бренді шығаратын екі ірі жүк көлігін сатып алған. Автомобильдің біреуінің құны – 186 миллион теңгеден асады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Төтенше жағдайлар департаменті екі реанимобильді сатып алу үшін заңдағы 16-бап, 3-тармақтың 3) тармақшасын алға тартқан. Автокөліктерді мына мақсатта сатып алған:

  • Дағдарыстық, төтенше жағдайларды немесе төтенше жағдай режимінің салдарын алдын алу, шектеу немесе жою;
  • Қазақстан аумағында алғаш рет немесе қайта анықталған жануарлардың аса қауіпті, экзотикалық ауруларын, карантиндік объектілерді немесе бөгде түрлерді оқшаулау және жою;
  • Жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша карантин аймақтарында және қолайсыз пункттерде іс-шаралар өткізу, карантиндік объектілердің таралу ошақтарын жою, шұғыл фитосанитариялық шараларды жүргізу;
  • Электр желілері, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері, теміржол, әуе, автокөлік, су көлігі объектілері, тазарту құрылыстары, мұнай және газ құбырларындағы технологиялық бұзушылықтарды жою;
  • Шұғыл медициналық араласуды қажет ететін жағдайларда;
  • Жолда коммуникациялар, техникалар, механизмдер, агрегаттар, қосалқы бөлшектер немесе материалдар істен шыққанда оларды дереу қалпына келтіру.

Америкалық реанимобильдердің сипаттамасында былай делінген:

“GMC SIERRA маркалы медициналық-құтқару реанимобилі. Жеңіл, механикалық трансмиссия, F класс, көлемі 3000 куб.см-ден жоғары. 2 автомобиль. Бір көліктің құны – 186 084 464 теңге”, – делінген мемлекеттік сатып алу сайтында.

Осылайша екі реанимобильдің бағасы – 372 168 928 теңге болды. 

Тапсырыс былтыр қазан айында жасалған. Сондай-ақ сайтта автокөліктердің келісімшартты мемлекеттік қазынашылық органдарында тіркеген күннен бастап ең көп дегенде 15 күн ішінде жеткізілуі тиіс екендігі көрсетілген.


Астанада полицейлер конкурс жариялап, жол талғамайтын люкс көліктерге 176 миллион теңге бөлген


Сонымен қатар Алматының Төтенше жағдайлар департаменті 108 900 000 теңгеге Chevrolet Silverado маркалы эвакуатор сатып алған

Су жаңа эвакуаторды Төтенше жағдайлар министрі Шыңңғыс Әрінов өзі сынақтан өткізді. 

Еске салсақ, бұған дейін желіде Алматы көшелерінде жүрген, сыртында төтенше жағдайлар министрлігінің белгісі бар Tesla Cybertruck көлігінің видеосы тараған еді. Төтенше жағдай министрлігі көліктің сатып алынғанын растап, көлікті Алматының таулы аймақтарында және оған іргелес жерлерде қолдану жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Министрлік мәліметінше, мұндай техника таулы жерлерде құтқару жұмыстарының тиімділігін арттырады. Автокөліктің құны – 127,4 миллион теңге.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 03 Ақпан, 2026 22:30