Алматы тұрғыны заңсыз қалам ұстағаны үшін бас бостандығынан айырылмақ
Алматыда тыңшылық құрылғыларын сатпақ болған 42 жастағы ер адам ұсталды. Күдіктіні киберполиция қызметкерлері "Anti-fraud" республикалық операциясы барысында қолға түсірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: polisia.kz
Ол жасырын аудиожазба жүргізетін арнайы техникалық құрылғыны сатпақ болған.
"Тұтқынға алынар алдында ол автоқалам түріндегі шпиондық құрал-жабдықты сатқан. Оның қасында сатуды жоспарлаған осыған ұқсас басқа қалам да болған. Жетісу аудандық полиция бөлімінде жасырын ақпаратты алу үшін арнайы техникалық құралдарды заңсыз дайындау, өндіру, алу, өткізу немесе пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды", – деді Алматы қалалық ІІД киберқылмыспен күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.
Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жарияланбайды.
Қылмыстық кодекстің 399-бабы (Ақпаратты жасырын алудың арнайы техникалық құралдарын заңсыз дайындау, жасау, иемдену, өткізу немесе пайдалану) бойынша жаза 2 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не сол мерзімге бас бостандығын шектеу, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде белгіленеді.
Айта кетейік, бұған дейін Кибершабуылдарды талдау орталығы Талғардағы оқиғаға қатысты желіде боттардың белсенділігі артқанын мәлімдеген еді.