Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Автобусқа 4 миллион теңге мен әшекей бұйымдарын алып кірген алматылық тұрғын ұрлық құрбаны болды

Алматыда әйел 4 миллион теңгенің ззатын ұрлағанФото: Видеодан скриншот

Алматыда полицейлер қоғамдық көлікте аса ірі қалта ұрлығын жасады деген күдікпен әйел адамды ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті таңертеңгі уақытта автобустың ішінде жәбірленушінің сөмкесіндегі ұлттық және шетел валютасындағы ақшаны, сондай-ақ алтын әшекей бұйымдарды жасырын түрде ұрлаған. Келтірілген қаржылай шығынның жалпы сомасы 4,1 миллион теңгеден асты.

Жедел-іздестіру және тергеу шаралары барысында әйелдің қылмысқа қатысы бары толық дәлелденді.

Тінту кезінде полиция қызметкерлері айғақ заттарды, оның ішінде ұрланған мүліктің бір бөлігін тәркіледі. Сонымен қатар күдіктінің кінәсі қоғамдық көліктегі бейнекамера жазбаларымен расталып отыр.

Дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

“Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр”, – деді Алматы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Дәулетияров.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада дүкен қызметкері басқа дүкенге барып пышақпен қаруланған ұрыны ұстағаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Жұма, 30 Қаңтар, 2026 12:51