"Қажетті рұқсаттарсыз салған": Алматы тауларында тұрғын үй кешені сүріліп жатыр
Алматыда Қарағайлы шағын ауданында заңсыз салынған "Француз үйі" тұрғын үй кешенін сүру басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Алматы құрылысын бақылау басқармасы
Алматы құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, құрылыс салушы нысанды қажетті рұқсаттарсыз салған. Тұрғын үй иелері қауымдастығының сараптамасы, эскизді келісу және құрылыс жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама болмаған.
"Әкімшілік шаралар қабылданып, сотқа талап арыз берілгеннен кейін, сүру туралы шешім бірінші сатылы сотында қанағаттандырылып, бұл шешімді қалалық сот өзгеріссіз қалдырды. Биыл 30 қаңтарда атқару парағы әділет департаментіне жолданып, бүгін сот орындаушыларының қатысуымен сүру жұмыстары басталды", – делінген басқарма хабарламасында.
Айта кетейік, Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасына сәйкес былтыр 55 заңсыз нысан сүрілді. Соның ішінде "Мечта", KHAN, "Алма Гарден" тұрғын үй кешендері бар.
Еске салайық, бұған дейін Алматы билігі қаланың әдемілігі үшін 7 жарым мың адамды көшіріп, олардың үйін сүретінін жаздық. Бастаманы мәслихат депутаттары толық қолдаған. Енді 2030 жылға дейін кемінде 676 ескі баспананы бұзу жоспарланып отыр. Әкімдік мәліметінше, ол жерден көшірілген тұрғындарға жаңа пәтерлерден орын беріледі. Алматының сәулетіне қатысты бағдарлама 1930-1980 жылдар аралығында бой көтерген екі қабатты баспаналарға қатысты. Өткен ғасырда салынып, бұзуды қажет ететін ғимараттар қатарында жеке тұрғын үйлер, өнеркәсіптік және коммерциялық нысандар бар. Әкімдіктің хабарлауынша, жер сілкінісіне төзімсіз деп танылған үйлерді де сүру жоспарланып отыр.