Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы тауларына коттедждер мен таунхаус салудың заңдылығы тексеріліп жатыр

Фото: Stan.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжілісмен Бақытжан Базарбектің Алматының дамуына қатысты депутаттық сауалына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Премьер-министр депутаттың Алматының тау бөктеріндегі жер телімдері мен заңсыз құрылыстарға қатысты сауалына жауап берді. Депутаттық сауалда өзен арналары мен сайларға топырақ төгуге тыйым салу, жер телімдерінің заңды түрде берілген-берілмегенін тексеру және олардың мақсатты пайдалануын өзгерту мәселелері көтерілген. Бектенов жауабында қала маңындағы таулы аймақтағы жер телімдері бұған дейін Алматы облысының Қарасай және Талғар аудандары әкімдіктері тарапынан берілгенін айтты. Сондай-ақ 1998–2014 жылдары президент жарлығына сәйкес Алматы қаласының аумағына қосылғанын түсіндірді.

“2021 жылдан бастап бүгінге дейін таулы аймақта жаңа жер телімдері берілмеген. Аталған 25 жер теліміне қатысты жер заңнамасының бұзылу фактілері бойынша қазір Алматы қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті олардың заңды берілген-берілмегенін анықтау үшін тексеріс жүргізіп, тиісті шаралар қабылдап жатыр”, – деді премьер-министр. 

Қаладағы сәулет-құрылысты бақылау басқармасы заң бұзушыларға қатысты тиісті әкімшілік шараларды қабылдап жатыр. Оған нұсқама беру, айыппұл салу, заңсыз салынған ғимараттарды сүру туралы сотқа талап-арыз жолдау кіреді.

Бектенов бірқатар жобалар бойынша деректер келтірді: 

– Beverly Hills коттедж қалашығы – 2021–2022 жылдар аралығында рұқсат құжаттарының негізінде пайдалануға берілген;

– Көлсай шағынауданындағы учаскелер (2428, 2428/1) – рұқсат берілмеген, 362-учаскедегі нысан жартылай пайдалануға берілген;

– "Горный гигант" ӨК, 554-учаске – жоба құжаттамасы жоқ, құрылыс салушыға әкімшілік шаралар қолданылып, үйді бұзу туралы сотқа талап қойылған;

– "Горный гигант" ӨК, 20А – 2021 жылы тұрғын үй кешенін салуға рұқсат берілген;

– "Prime Park" ТК – бұзушылықтар жойылып, нұсқама орындалған (техникалық сараптама жүргізілген, оң қорытынды алынған, құрылыс-монтаж жұмыстары туралы хабарлама берілген);

– "Монблан" және "Швейцария" ТК – құрылыс салушыға әкімшілік шаралар қабылданған, нысандарды бұзу туралы талаптар сотпен қанағаттандырылған, орындалуын Алматы қаласының Әділет департаменті бақылауда ұстап отыр.

Премьердің айтуынша, биыл Алматы қаласы Әділет департаментінде тау бөктеріндегі нысандарды сүруге қатысты 35 атқарушылық іс жүргізілген. Оның 20-сы орындалған (57%). Кейбір нысандар толық немесе ішінара сүрілген.

"Қазір 15 атқарушылық іс жүргізіліп жатыр. Оның екеуі бойынша борышкерлер заңбұзушылықтарды өз бетінше жоюға міндеттелген. Ал 13 іс бойынша мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылып жатыр", – деді ол.

Олжас Бектенов мемлекет басшысының 2025 жылы 4 тамыздағы тапсырмасын орындау мақсатында Алматының жоғарғы бөлігінде көпқабатты тұрғын үйлер мен нүктелік құрылыстарға мораторий енгізілгенін еске салды.

"Осыған байланысты Алматы қаласының әкімдігі табиғатты қорғау шараларын күшейтуге, қалалық ортаны теңгерімді дамытуға және тау бөктерін заңсыз құрылыстан қорғауға бағытталған Бас жоспарға өзгерістер енгізу жұмыстарын бастады. Бас жоспарды түзету бойынша ұйымдастырушылық іс-шаралар жоспары бекітілді: әзірлеу – 2026 жылғы қаңтарға дейін, халықпен қоғамдық талқылау — 2026 жылдың I тоқсанында, Үкімет тарапынан бекіту – 2026 жылдың II тоқсанында", – деді премьер-министр.

Сондай-ақ ол депутаттық сауалда көрсетілген деректер бойынша қазір тексеру жүргізіліп жатқанын, оның нәтижелері бойынша депутатқа қосымша ақпарат жолданатынын айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы тауларында  Ұлттық парк аумағындағы құрылыс тұрғындардың наразылығын тудырғаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 03 Қазан, 2025 16:26
Талқылау