Референдумға бойкот жариялауға шақырғаны үшін қоғам белсендісі Оразалы Ержанов ұсталды

Желіде Алматыда қоғам белсендісі Оразалы Ержановтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Деректі Алматы қалалық Полиция департаменті растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Полиция департаментінің мәліметінше, сайлау құқықтарының жүзеге асырылуына кедергі келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
“Әлеуметтік желіде шындыққа жанаспайтын ақпарат, референдумға бойкот жариялауға шақырулар және шетелдік юрисдикцияда тіркелген байланыс нөмірлерін пайдалану арқылы азаматтарды жаңылыстыратын өзге де мәліметтер жарияланған жазбалар анықталды. Күдікті – Алматы қаласының тұрғыны ұсталды”, – деп хабарлады қалалық ПД.
Полиция оның әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға тергеу нәтижесіне қарай, заңсыз жарияланымдардың себептері мен мән-жайы анықталғаннан кейін берілетінін атап өтті.
“Азаматтардың пікірлері мен ұстанымдарын білдіруі заңбұзушылық болып саналмайтынын еске саламыз. Жауапкершілік тек жалған ақпаратты әдейі таратуға және фактілерді бұрмалауға, соның ішінде азаматтарды жаңылыстыруға, қоғамдық жағдайды тұрақсыздандыруға, азаматтардың сайлау құқықтарын жүзеге асыруына немесе сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіруге бағытталған әрекеттерге ғана көзделген”, – деп қосты ПД өкілдері.
Оразалы Ержанов – қазақстандық қоғам қайраткері және Elge Qaitaru қорының жетекшісі. Бұған дейін ол бірқатар басқарушылық және мемлекеттік қызметтер атқарған. Атап айтқанда, Ұлттық банк төрағасының орынбасары, қаржы вице-министрі, “Қазпошта” АҚ басқарма төрағасы болған, сондай-ақ банк және энергетика салаларында консультативтік қызметтер атқарған.
Қазақстандық ер адам Көк төбедегі қымбатшылыққа шағымданды: Саябақтың иесі кім және неліктен бағалар жоғары?