Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы полициясы Әл-Фараби даңғылындағы түнгі жарыстардың көбейгенін мойындады

Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

Алматы полициясы Әл-Фараби даңғылы бойында түнгі жарыстар мен өрескел жол ережесін бұзу деректерінің артқанын ресми түрде растады. Соңғы тәуліктерде бірнеше ауыр жол апаты тіркеліп, оның бірі адам өлімімен аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы полициясы Әл-Фараби даңғылы бойында түнгі жарыстар мәселесінің бар екенін ресми түрде мойындады.

"Кеше кешкісін аталған даңғылда тағы бір қайғылы жол-көлік оқиғасы тіркелді. Автокөлік жаяу жүргіншіні қағып, әйел адам оқиға орнында көз жұмды. Полиция мәліметінше, Mitsubishi Delica көлігінің жүргізушісі шығыс бағытта келе жатып, Розыбакиев көшесімен қиылыста жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Қазір бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды", – деп түсіндірді Алматы полициясы.

Полиция кейінгі уақытта қалада жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректері көбейгенін атап өтті. Әсіресе, қауіпті жүргізу мен "түнгі жарыстар" жиілеген. Соңғы үш күнде:

  • 5 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегі анықталды;
  • 43 жүргізуші мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұсталды;
  • 369 адам көлікті құжатсыз басқарған;
  • 94 көлік айыппұл тұрағына қойылды;
  • 2 мыңнан астам жылдамдық асыру фактісі тіркелді.

Полицияның айтуынша, кейбір жүргізушілер өз заң бұзушылықтарын әдейі видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде таратып жүр. Бұл жазасыздық әсерін тудырады. Алайда барлық мұндай жағдайлар бақылауда, құқық бұзушылар анықталып, жауапкершілікке тартылып жатыр. 

Мысалы, Әл-Фараби даңғылы бойында сағатына 250 шақырым жылдамдықпен жүрген жүргізуші ұсталып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ал бұған дейін үш адам қаза тапқан ірі жол апатына қатысты күдікті әзірге ауруханада күзетпен жатыр. Жағдайы тұрақталған соң уақытша ұстау изоляторына қамалады. Сонымен қатар сенат депутаты Марат Қожаев мәселені жүйелі түрде шешу қажет екенін айтты. Марат Қожаевтың пікірінше, жүйелі түрде заң бұзатын жүргізушілерге айыппұлдағы 50% жеңілдікті алып тастау керек.

"Бұдан бөлек жүргізуші куәлігінен айырып, қайта тапсыру міндеттелуі тиіс. Германия тәжірибесіне ұқсас қосымша тексерулер енгізу қажет. Барлық жүргізушіні толық бақылау мүмкін емес, сондықтан негізгі назар "жүйелі құқық бұзушыларға" аударылуы керек", – деді сенат депутаты.



Еске салайық, Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Жол апаты кезінде қаза тапқан жүргізушінің де жақындары кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп жатыр.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 26 Наурыз, 2026 16:35