Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда дәрігерлер асқазанның қатерлі ісігіне шалдыққан 94 жастағы әйелді аман алып қалды

Алматы онкологиялық орталығына асқазанның шығу бөлімінің қатерлі ісігі диагнозы қойылған 94 жастағы әйелге сәтті ота жасалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Орталық мамандары науқастың жасына және онымен байланысты тәуекелдерге қарамастан ота жасауға шешім қабылдаған. 

"Көбісі науқастың жасы мен жағдайын ескере отырып, ота жасаудан бас тартты. Бірақ барлық қажетті тексерулерді жүргізіп, оның жағдайы ECOG шкаласы бойынша 1-2 баллға бағаланғанын, бұл оның белсенділігін азды-көпті сақтап қалғанын ескеріп, біз науқастың жалғыз мүмкіндігін пайдалануды ұйғардық. Резекция операциясы жасалды, оның барысында асқазанның 3/4 бөлігі алынды. Операция сәтті өтті. Жүз жасқа дейін өмір сүреді деп сенемін", – дейді бөлім басшысы Нұрлан Балтаев.


"Алты жыл бойы ашқарынға энергетик сусын іштім": Актер Мұрат Бисембин қатерлі ісікке шалдығу себебін айтты


Асқазанның шығу бөлімінің қатерлі ісігі – асқазанның төменгі бөлігіне әсер ететін қатерлі ісік, ол арқылы тамақ аш ішекке өтеді. Дәрігерлер асқазанның қатерлі ісігінің Қазақстанда кең тараған онкологиялық патологиялардың бірі және соңғы сатыдағы көптеген науқастарға ота жасау мүмкін емес екенін айтады. 

Алматы онкологиялық орталығының дәрігерлері егде жаста науқастың физикалық белсенділігі жеткілікті болғандықтан, ота жасауға шешім қабылдаған. Хирургтардың, анестезиологтардың және медициналық қызметкерлердің үйлесімді жұмысының арқасында ота сәтті аяқталып, науқастың жағдайы тұрақтанды.

"Біз әрқашан пациенттерге, тіпті ең қиын жағдайларда да көмектесу жолдарын іздейміз. Жетістікке жету мүмкіндігі болса, жас кедергі емес", – деді дәрігер Нұрлан Балтаев.

Еске салсақ, бұған дейін дәрігерлер 1,5 жыл бойы қатерлі ісіктен емдеген қазақстандық қыз сап-сау болып шыққаны туралы жазған едік. 

Талқылау