Алматы облысының бұрынғы әкімі Аңсар Мұсаханов өмірден озды
Мемлекет және қоғам қайраткері, Алматы облысының бұрынғы әкімі, экс-сенатор Аңсар Мұсаханов 59 жасында қайтыс болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Senate.parlam.kz
Алматы облысың әкімдігі Аңсар Мұсахановтың өмірден өткенін растады. Сенатор Жанболат Жүргенбаев Аңсар Мұсахановтың қазасына байланысты көңіл айтты.
“Қоғам және мемлекет қайраткері, ардақты азамат, аяулы дос Мұсаханов Аңсар Тұрсынханұлының қайтыс болуына байланысты қайғырып, көңіл айтамын.Ол адал, абыройлы еңбек етіп, артында игі істерінің жемісін қалдырған біртуар азамат ретінде жадымызда сақталады”, – деп жазды сенатор.
Аңсар Мұсаханов 1966 жылы 31 шілдеде Алматы облысында туған. Алматы мал дәрігерлік институтын, Қазақ ұлттық аграрлық университетін бітірген, мамандығы бойынша — мал дәрігері, мемлекеттік және жергілікті басқару менеджері. Еңбек жолын Күрті ауданындағы "Құйған" кеңшарында қарапайым жұмысшы болып бастады.
Алматы облысының мемлекеттік басқару органдарында басшы лауазымдарда қызмет атқарды.
- 2003-2005 жылдары — Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Қарасай аудандық аумақтық басқармасының бастығы болды.
- 2005-2006 жылдары — Іле ауданы әкімінің орынбасары. 2006-2009 жылдары — Жамбыл және Қарасай аудандарының әкімі болды.
- 2009-2010 жылдары — Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы.
- 2010-2011 жылдары — Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Ол 2011-2014 жылдар аралығында Алматы облысының әкімі қызметін атқарды.