Алматы облысындағы жұмысшылар қақтығысы: Оқиғаның мән-жайы айтылды
Талдықорған - Өскемен тас жолын салып жатқан Citic Construction атты Қытай компаниясында жергілікті жұмысшылар мен шетелдік азаматтар арасында қақтығыс болды. Қақтығыстан Қанат Жамбыл атты азамат жарақат алған. Оқиға орнына Алматы облысы әкімінің орынбасары, Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы барған. Жергілікті жұмысшылар шенеуніктерге еңбек жағдайының нашарлығын, мигранттардың көптігін айтқан.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Әлеуметтік желіде қазақ жігітінің үш қытай азаматынан таяқ жегені туралы видео тараған еді. Соққы жеген 21 жастағы Жамбыл Қанат біраз уақыт бұрын әкімшілік соттан шыққанын айтты. Оның сөзінше, өзін сабаған қытайлық үш азамат 10 күнге қамауға алыныпты. Ал кикілжіңнің жолдың бойында жұмыс кезінде шыққанын айтады.
«Бас инженер тракторды қаға берген соң, трактордан түстім. «Жай істе. Істей алмасаң, кет», - деді. Жөн сұрадым. Сол кезде күрекпен аяғымнан ұрып жіберді. Артынша одан неге бұлай жасағанын сұрап, жағасынан алдым. Сол кезде үш қытайлық азамат келіп, ұра жөнелді. Мен жерге құлағаннан кейін тепкілей бастады. Содан кейін орнымнан тұрдым. Директор келіп ажыратып алды», - дейді Жамбыл Қанат.
Сонымен қатар Жамбыл үш қытай азаматы жабылып, мойнынан қылқындырғанда, бетімді қорғап, бүркеп жата бердім дейді. Ол осы жағдайдан кейін үрейленіп қалғанын айтады. Артық сөйлеуге қорқатынын да жасырмайды.
Ал компания жұмысшысы Айдос Қыдыржанов қақтығысқа үш қытай азаматының қазақ жігітін соққыға жыққаны себеп болғанын айтады.
«Бір қазаққа үш қытай азаматының жабылып кеткенін естіп, ертесі күні қазақ-қытай арасында төбелес болып, қытайларды соққыға жыққан. Ол жігіттерді ұстаған. Заң адамдарынан олардың өте қатаң жазаға тартылатынын естідік. Сонда біздің азаматқа заң қатаң да, неге қытайлықтарға жеңіл? Неге 10 күн ғана жазаланады?» - дейді Citic Construction компаниясының жұмысшысы Айдос Қыдыржанов.
Болған қақтығыстан кейін Алматы облыстық полиция департаментінің басшысы Мұрат Үрімханов бірден оқиға орнына барып, істің мән-жайын анықтаған. Полиция мәліметінше, Мұрат Үрімханов кәсіпорын басшылығымен және қызметкерлерімен кездесіп, қақтығыстың одан әрі өршуіне жол берілмеуі және кез келген заңсыз әрекеттерді жасау туралы түсіндірме әңгіме өткізген.
Қазіргі уақытта оқиға болған жердегі жұмысшылар жатақханасына арнайы полиция мен күзет қойылған.