Алматы облысында колония басшысының орынбасары ұсталды
Алматы облысында арнайы прокурорлар мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері №14 түзеу мекемесі басшысының орынбасарын ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Іске қатысты облыстық прокуратураның баспасөз қызметі ресми түсінік берді.
"2024 жылдың 13 қарашасында Алматы қаласында Алматы облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеу басқармасы Алматы облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №14 мекемесі бастығының орынбасарын бірнеше рет пара алды деген күдікпен ұстады, – делінген баспасөз хабарламасында.
Мәліметтерге сенсек, қылмыстық іс шеңберінде барлық жағдайды анықтауға бағытталған қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
"Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына (Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) сәйкес, басқа қосымша ақпарат берілмейді", – деп қосты прокуратура.
Еске салайық, бұған дейін Оралда қалалық соттың төрағасы Руслан Жұмағұлов пара алып жатқан жерінен ұсталғанын жаздық. Сотталушыға қатысты оң шешім шығару үшін сот төрағасы 1,5 миллион теңге пара алған. Руслан Жұмағұловпен бірге тағы екі адвокат ұсталды. Қылмыстық кодекстің 366-бабы 1-1-бөлігіне сай, "Пара алу" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің орталық аппараты мен Батыс Қазақстан бойынша департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларымен айналысып жатыр.