"Лауазымынан босатуды ұсынған": Алматы облысында жерді дұрыс бөлмеді деген әкім әлі күнге дейін қызметінде отыр
Фото: Алматы облысы әкімдігі / Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев және Еңбекшіқазақ ауданы әкімі Талғат Байедилов
2024 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байедиловке қатысты жер қатынастары саласындағы заңбұзушылықтар анықталған. Әкім кейбір азаматтарға заңсыз артықшылық беріп, жер бөлуді бақылауды дұрыс қадағаламаған. Бұл әрекеттері мемлекеттік қызметтің абыройына нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық деп танылып, этика жөніндегі комиссия оны қызметінен босатуды ұсынған. Алайда әлі күнге дейін әкім өз орнында қалып отыр. Stan.kz аудан әкімі неліктен әлі лауазымын сақтап отырғанын облыс әкімдігінен сұрап білді.
Әлеуметтік желіде 2024 жылы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі кеңесінде Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділовке қатысты тәртіптік іс қаралғаны айтылды. Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, кеңес отырысында әкімнің жер заңнамасын бұзып, кейбір тұлғаларға негізсіз артықшылық көрсеткені және жер қатынастары саласындағы жүйелі бұзушылықтарға тиісті бақылау жасамағаны анықталған. Артынша Әдеп кеңесі Талғат Ескендірұлының әрекетін мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін тәртіптік теріс қылық ретінде бағалаған. Сөйтіп кеңес Талғат Ескендірұлын атқарып отырған қызметінен босату туралы тәртіптік жаза қолдануды ұсынған.
Алматы облысы әкімдігі Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділовтің екі жер телімінің нысаналы мақсатын өзгертуге байланысты әрекеттері Әдеп жөніндегі кеңесте қаралғанын растады.
"Талқылаудан кейін аталған әкімшілік актілерді сот тәртібімен жою және Байеділовті атқарып отырған қызметінен босату ұсынылды. Алайда сот процесі барысында Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты әкімнің әрекеттерінен заңбұзушылық таппады. Жер комиссиясының отырысы заңды деп танылып, қабылданған шешімдер қолданыстағы заңнамаға сәйкес деп бағаланды. Осыған байланысты Талғат Ескендірұлына қызметінен босату емес, қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдану жөнінде шешім қабылданды", – деп жауап берді Алматы облысының әкімдігі.
Сонымен қатар Алматы облысының әкімдігі үкімет инвестициялық жобалар үшін жер телімдерінің нысаналы мақсатын өзгертуді және рұқсат беру құжаттарын рәсімдеуді жеңілдетуге бағытталған бірқатар қаулы қабылдады деп түсіндірді.
Айта кетейік, Талғат Байеділов 1972 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 1992 жылы Алматы кинотехникумын, ал 1998 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын "Бухгалтерлік есеп және аудит" мамандығы бойынша тәмамдаған. 1989 жылы еңбек жолын Алматы кинотехникумында видео-кино инженері болып бастаған.
- 1992-1994 жылдары – Кеген ауданының Тоғызбұлақ колхозында колхозшы.
- 1994-1998 жылдары – Қазақ мемлекеттік басқару академиясының студенті.
- 1999-2002 жылдары – "Алматы" қаржы-экономикалық орталығының бухгалтері, "Қазақстан темір жолы" салық есебі және бақылау бөлімінің экономисі.
- 2002-2005 жылдары – "ICS" Inspektion and Control Service Kazakhstan" ЖШС-нің инспекторы.
- 2006-2008 жылдары – Алматы облысындағы АО "Қазпошта" Іле аудандық пошта байланыс торабының басшысы.
- 2008-2010 жылдары – Райымбек ауданы Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі.
- 2010-2011 жылдары – Райымбек ауданы әкімінің аппаратының басшысы.
- 2011-2018 жылдары – Райымбек ауданы әкімінің орынбасары.
- 2018 жылғы 6 сәуірден 2023 жылғы 29 наурызға дейін – Кеген ауданының әкімі.
- 2023 жылғы 30 наурыздан 2024 жылғы 27 наурызға дейін – Алматы облыстық мәслихатының төрағасы болды.
- 2024 жылғы 28 наурыздан бастап қазіргі уақытқа дейін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының әкімі (орталығы – Есік қаласы) болып қызмет атқарып келе жатыр.