Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында зейнеткер жалған ЭЦҚ кесірінен 37 миллион теңгеге қарыз болып қалды

Алматы облысы Қарасай ауданында 70 жастағы зейнеткер алаяқтардың құрбанына айналып, мемлекетке 37 миллион теңге қарыз болып қалды. Белгісіз біреулер оның электрондық цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдаланып, 13 жүк көлігін тіркеген. Кейін бұл техниканы есептен шығарғанымен, алғашқы тіркеу үшін төленуге тиіс алым зейнеткердің мойнында қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Зейнеткер Лейла Таирова мемлекеттік кірістер органынан осындай қомақты қарызы бар екенін бірнеше ай өткен соң ғана білді. Алаяқтар жалған құжаттар жасап, сенімхат рәсімдеп, ЭЦҚ арқылы мәмілені бекіткен. Әдетте, мұндай мәліметтерге бұрынғы арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері (ХҚКО) қол жеткізе алады.

"Сот маған 37 миллион теңге төлеу туралы шешім шығарды. Бұл ақылға сыймайтын сома! 37 мың да емес, 370 мың да емес, 37 миллион! Ол машиналар туралы ештеңе білмеймін, олар менікі емес!" – деді зейнеткер Лейла Таирова.

Сот шешімімен әйелдің зейнетақысынан үшінші ай қатарынан қарызды өтеу үшін 50% ұсталып келеді. Алайда, іс бойынша тергеу жұмыстары 10 айдан бері тоқтап тұр. Алматы облысының полициясы бұл мәселеге қатысты тек стандартты жауаппен шектелді. Қылмыстық іс бойынша күдіктілер бар ма, алаяқтар қандай схема қолданды, арнайы ХҚКО қызметкерлері қатысы бар ма және неге әйелдің зейнетақысынан ақша ұсталып отыр – бұл сұрақтарға әлі жауап жоқ.

Қарасай ауданы полиция басқармасы Қылмыстық іс бойынша қандай да бір ақпарат беру мүмкін емес екенін айтады.

Осыған байланысты халықты алаяқтық әрекеттерден қорғау үшін жаңа ЭЦҚ бір ғана негізгі кілтте сақталып, құжаттарға қол қою кезінде міндетті бейне-идентификация енгізілді. Бірақ сарапшылардың пікірінше, бұл тек уақытша қорғаныс шарасы ғана. Цифрландыру қарқынына сай азаматтардың жеке деректерін қорғаудың тиімді әрі жедел шешімдері қажет.



Еске салайық, бұған дейін Астанада алаяқтарға алданып қалған ер адамның несиесі 10 жылдан кейін кешірілгенін жаздық. Бас прокуратураның мәліметінше, 2014 жылы алаяқтар ерекше қажеттіліктері бар тұлғаның атына автокөлік несиесін рәсімдеген. Жәбірленушінің бала кезінен мүмкіндігі шектеулі жан екені және психоневрологиялық диспансерде есепте тұратыны анықталды. Алаяқтар жәбірленушінің психикалық ауруын пайдаланып, оны Қостанай облысынан Астана қаласына әкеліп, алаяқтық жолмен оған 5 млн теңге көлемінде автонесие рәсімдеген.

Талқылау