Алматы облысында төбелестен зардап шеккен 4 адамның жағдайы белгілі болды
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында жанжалдан кейін ауруханаға түскен 4 науқастың жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 5 қараша күні түнде 4 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен.
"1992 жылы туған науқас сол жақ кеудесіне кесілген жарақат алған. Аурухана бөлімінде ем қабылдауда. Жағдайы тұрақты.
1984 жылы туған науқас бас-кеуде тұсына кесілген жарақат алған. Оған операция жасалды. Жансақтау бөлімінде жатыр. Жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Жағдайы өте ауыр.
1987 жылғы науқас бас-ми жарақатын, оң жақ иығынан кесілген жарақат алған. Травматология бөлімінде жатыр. Жағдайы тұрақты.
Ал төртінші науқас дәрігердің тексеруінен кейін амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді", – делінген аталған ведомствоның хабарламасында.
Еске салайық, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында ер азаматтар жанжалдасып, 5 адам ауруханаға түскенін хабарлаған болатынбыз. Оның бірі көз жұмды.