Алматы облысында мектеп түлектері мінген көліктер жолды жауып тастаған (видео)
Видеодан скрин
Алматы облысында мектеп түлектері мінген көліктер “Үлкен Алматы айналма жолы” (БАКАД) автомагистралінде жол ережесін өрескел бұзып, жолды жауып тастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Кадрлардан бірнеше көліктің колоннамен жүріп, жолдағы басқа көліктерге кедергі келтіріп, қозғалыс жолағын жауып тастағанын көруге болады. Сондай-ақ жасөспірімдер жүріп келе жатқан көліктің терезелерінен толықтай сыртқа шығып алған. Кейбір көліктердің мемлекеттік нөмірлерінің де жоқ екені байқалады.
Алматы облыстық полиция департаменті жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, жол ережелерін бұзған автокеруеннің барлық қатысушылары анықталып, ұсталғанын хабарлады.
"Кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін 17 құқықбұзушылық фактісі бойынша – қауіпсіздік белдігін тақпаудан бастап, апатты жағдай тудыруға дейінгі материалдар сотқа жолданды. Көліктер арнайы тұраққа қойылды", – делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Полиция департаменті кәмелетке толмаған жолаушылардың ата-аналары да өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
