Алматы облысында көлік жүргізушісі 6 жасар баланы қағып, кейін қашып кеткен
Фото: AlmatyNews арнасындағы видео кадрларынан
Алматы облысының Көкөзек ауылында жүргізуші көлігін артқа беріп, айдап жатқан кезде 6 жасар баланы қағып кеткен. Алайда ол жарақат алған баланы көре тұра, оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Полицияның мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 4 шілде күні ауыл дүкендерінің бірінің жанында болған. Lexus RX 300 көлігінің жүргізушісі артқа қарай қозғалғанда велосипед теуіп жүрген 6 жастағы баланы қағып кеткен.
Бейнежазбада жүргізуші баланы соққаннан кейін, ешқандай көмек көрсетпестен, оқиға орнынан кетіп қалғаны көрсетілген.
"Қазіргі уақытта күдіктінің орналасқан жерін анықтап, ұстау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Облыстық полиция департаментінің барлық жеке құрамы бағытталды. Жол-көлік оқиғасы және оқиға орнын тастап кету фактісі бойынша қылмыстық істер тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде", – деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаменті.
Бала ауруханаға жеткізілген.
Әлеуметтік желілердегі видео астындағы пікірлерде көлікті басқарған адам учаскелік полиция инспекторы болуы мүмкін деген болжам айтылған. Алайда облыстық полиция департаменті бұл ақпаратқа түсініктеме бермей, азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
