Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында ит талаған 10 жасар баланың отбасы баспаналы болды

Ит талаған Максимнің отбасы үйлі болды

Фото: Видеодан скрин

Алматы облысында ит талап, сан еті мен құлағын жұлып алған 10 жастағы Максимнің отбасы баспаналы болды. Төрт бөлмелі үй Asarume қайырымдылық қорының оқырмандарының қаражатына алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналист Руслан Өтепбай Екатерина Бурмистрова анасымен, балаларымен жалдамалы үйде тұрып жатқан үйге барып, оларды қонаққа шақырды. Шын мәнінде, олар көпбалалы отбасыға баспананы сыйға тарту мақсатында шақырған. Asarume қайырымдылық қоры халықтан қаржы жинаған, ал үйдің бұрынғы иесі Айнұр ханым баспананы жеңілдікпен сатқан.

Ойда-жоқта баспаналы болған Екатерина Бурмистрова көзіне жас алып, еріктілер мен көмек берген көпшілікке алғысын білдірді. Отбасы 10 жылға жуық уақыт жалдамалы үйде тұрған. 

Мира Бейсен есімді желі қолданушысы Максимнің отбасына үй берілгенін айтып, қазақстандықтардан сүйінші сұрады.

“Хамеевтің иті талап, өлтіріп қоя жаздаған 10 жастағы Максим естеріңізде ме? Головачев отбасына ауданы 80 шаршы метрлік төрт бөлмелі үй берілді. Баланы құтқарып қалған Серікбек Сақайбеков марапатталды. Баланың жағдайы жақсарып келе жатыр. Жақында ауруханадан шығарады. Енді ұзақ уақыт реабилитациядан өту керек. Бірақ халқым оны қиын жағдайда алдырмайды деп ойлаймын. Бұл халқымның жүрегінің кеңдігінің көрінісі”, – деп жазды Мира Бейсен.

Желі қолданушысының айтуынша, қор оқырмандарынан ақша жинап, көпбалалы отбасыға үй алып берген.

“Көпбалалы отбасы, пәтерді жалдап тұрады. Үлкен ұлының мүгедектігі бар. Анасы жұмыс істемейді, кішкентай баламен үйде отырады. Үйді бір қор оқырмандарының ақшасына алып берді”, – делінген жазбада.

Еске салсақ, 30 маусымда Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Ұмтыл ауылдық округінде ойнап жүрген 10 жастағы баланы екі қабаған ит талап, ауыр жарақаттады. Құтқарушылар жеткенше иттер баланың сан етін, құлағын жұлып алған. Қасындағы балалардың жанұшыра айғайынан кейін көмекке келген 65 жастағы такси жүргізушісі бәкісімен иттерге қарсы шабуылдап, оның өмірін аман алып қалды.

Зардап шеккен баланың отбасы иттің иесін сотқа беретіні туралы жазған едік. 

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 21 Шілде, 2025 17:51
Талқылау