Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында екі ай бұрын жоғалып кеткен бойжеткеннің денесі сөмкеден табылды

Екі айдан аса іздестірілген 26 жастағы қыздың мәйіті Алматыдағы Кеңсай зираты маңынан табылды. Марқұм Айша Хамитті өзі жақын араласып келген жігіті пәтерде қылқындырып, қылмысын жасыру үшін денесін сөмкеге салып, айдалаға апарып тастаған. Қазір полицейлер 19 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Қаскөй кінәсін толық мойындаған, тіпті қызды мәжбүрлеп несие алғызғанын да растапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

қыз скрин

Видеодан скриншот

26 жастағы Айша Хамит былтыр қарашада үйінен туған күн кешіне барамын деп шығып, сол күйі оралмаған. Десе де, оның телефонынан жақындарының хатына жауап келіп отырыпты. 

“19 жастағы бала екен, есімі Нұрмахан. Несие алдыртқан, сомасы да үлкен. Білуімізше, екі миллионнан асуы керек. Қайтармаймын деген соң Айша "Ата-анама айтамын, полицияға арызданамын" деген. Бұл сол жерде, пәтерде өлтірген”, – дейді марқұмның әпкесі Әсия Хамит.  

Қара жамылғандардың айтуынша, күдікті жігіт марқұмды алдымен пәтерде буындырып өлтірген. Кейін денесін полиэтиленге орап, сөмкеге салған. Сөйтіп мәйіт салынған сөмкені Кеңсай зираты төңірегіндегі саяжайға тиесілі жерге, қарға көміп кетіпті.

Айша Хамит күдіктімен жазда танысып, содан бері телефон арқылы сөйлесіп жүрген. Онымен TikTok желісінде емші іздеп отырып танысыпты. Марқұм қыз сырқат әпкесін "осы кісіге көрсетемін" деп оның көмекшісімен, яғни күдіктімен танысқан.

“Ауру әпкесін емдеймін деп, TikTok-тан алаяққа кезігіп қалады. Сонымен барған кезде, жаңағы балдызы екен, көмекшісі боп жүрген, сөйтіп танысып қалады. Кеше біз сүйекті алып шыққан кезде төрт жігіт әрең көтердік. Ең кемі, қыздың салмағы 60 келі. Ал анау, 19 жастағы жігіт ол 60 келі денені жалғыз өзі көтеріп жүре алмайды”, – деді марқұмның нағашысы Табиғат Әлібек.

26 жастағы Айша отбасының жалғыз асыраушысы болған. Аудандық мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріпті. Қазір полиция 19 жастағы күдіктіні қолға түсірген. Қаскөй қолмен жасаған қылмысын толығымен мойындапты.

“Адам өлтіру дерегі бойынша Медеу аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Болған қылмыстың басқа да мән-жайы анықталып жатыр”, – деп мәлімдеді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ал марқұмның денесінде зорлық белгілері болған-болмағанын енді сот-медициналық сараптамасы анықтамақ. Қара жамылған отбасы қылмыс жасаған сыбайластары да табылып, қаскөйлер лайық жазасын алар деген үмітпен отыр.

Талқылау