Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Орындыққа байлап қойып, 4 сағат мазақ еткен": Алматы облысында шетел азаматы бұрынғы әйелі мен оның әкесіне шабуыл жасады

Әлеуметтік желіде мәжіліс депутаты Ирина Смирнова бұрынғы әріптесін өз үйінде пышақтап кеткенін және жағдайды көре тұра Алматы облысы полиция департаментінің күдіктіге ешқандай шара қолданбай отырғанын айтып, жазба жариялады. Әйелге бір жыл бұрын ажырасып кеткен шетелдік күйеуі шабуыл жасаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Рixabay.com

Депутат Ирина Смирнованың айтуынша, жәбірленуші әйел мұғалім болып жұмыс істейді. 

“Қарасай ауданында бір жыл бұрын ажырасып кеткен күйеуі әйелге өз үйінде шабуыл жасады. Ол үйдің қақпасын бұзып, есікті сындырып үйге кірген. Үйде әйелдің инсульт алған әкесі бар еді. 4 сағат бойы қарияны мазақ етіп, орындыққа скотчпен байлап қойған. Кейін үйге әріптесім мен танысы кірген. Ер адам оларға шабуыл жасаған. Әріптесімнің ішіне және омырауына пышақ жарақатын салған. Қарияны да соққыға жыққан. Әйелдің танысының соққыдан миы шайқалған”, – деп жазды депутат.

Бұл әрекетінен соң ер адам оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленушілер полиция және жедел жәрдем шақырған. Жазбаға сенсек, жедел жәрдем жәбірленушілерді полицияға апарған. Алайда тәртіп сақшылары олардан жауап алуға асықпаған.

“Жәбірленушілер қан-жоса күйде дәлізде бір сағат күткен. Олардың жағдайына қарайтын адам болмаған. Тіпті “Ешкім ешкімді өлтірген жоқ қой” деген жауап алған. Сөйтіп полициядағылар амалсыздан арыздарын қабылдап, ертең ғана жауап алатынын айтқан. Жедел топ оқиға орнына бармаған. Арыз бойынша оларға шағым түсірілгені туралы құжат берілмеген. Бұл бірінші шабуылы емес. Бірде ол орамалмен бетін бүркеп, қолғап киіп шабуыл жасаған. Былтыр қазан айында үйге кіріп жиһаз бен мүлкін бүлдіріп кеткен. Сымдар мен көліктің дөңгелектерін кесіп кеткен. Енді бірде ыдыстарды сындырып, гүлдерді жұлып, қабырғаны жарып кеткен. Осы жағдайлар болған кезде жәбірленуші полицияға арыз жазған. Бірақ олар ешқандай шара қолданбады”, – делінген жазбада.

Жәбірленуші полициядан қорғаныс жарлығын жазып беруін сұраған. 

“Агрессор – Түркияның азаматы, шетелдік, құрылысшы. Қазір жұмыссыз. Жазаланбайтынын біліп адам өлтіруге дей бара ма? Полиция қайда қарап отыр? Алматы облысында ештеңе өзгермейді”, – деп ашынды Ирина Смирнова.

Алматы облысының полицейлері әлеуметтік желіде депутат Ирина Смирнова жариялаған жантүршігерлік оқиғаға қатысты пікір білдірді.

"Бұрынғы әйелі мен оның әкесіне дене жарақатын келтірген 57 жастағы ер адам анықталып, аудандық бөлімшеге жеткізілді", – деп мәлімдеді полиция.

Талқылау