"Toyota Land Cruiser мен KIA K9": Алматы облысының әкімдігі 96 миллион теңгеге су жаңа көліктер сатып алған
Фото: Stan.kz
Әлеуметтік желіде тараған құжатқа сәйкес "Қонаев" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы президенттің бюджет үнемдеуге қатысты тапсырмасынан кейін 61 миллион теңгеге Toyota Land Cruiser 300 және 34,9 миллион теңгеге KIA K9 көліктерін сатып алған. Кейін бұл көліктер Алматы облысы әкімдігінің иелігіне өтеусіз берілген. Осы ретте Stan.kz Алматы облысы әкімдігінен жол талғамайтын екі көліктің нақты кімге тиесілі екенін анықтады.
Бұған дейін Алматы облысы әкімдігі жолсыз және қиын жерлерде жүруге арналған TANK маркалы қымбат жол талғамайтын көліктерді сатып алғанын жазған едік. Белгілі журналист Асхат Ниязов Алматы облысы әкімдігінің ашық автотұрағында бірнеше TANK көлігі тұрғанын, ал жеке кіру есігінің жанында Toyota Land Cruiser 300 көлігі тұрғанын байқаған. Әкімдік бұл көліктердің облыс әкімі Сұлтанғазиевтің қызметтік сапарлары үшін пайдаланылатынын растады. Оларды қиын жерлермен, жолсыз аймақтармен және ұзақ қашықтықтарға қатынау үшін сатып алған екен.
Алайда Toyota Land Cruiser 300 көлігінің нақты кімге тиесілі екені туралы сұраққа жауап берілмеді.
Сол кезде әкім аппараты басшысының орынбасары Ернат Байғалық автокөліктер заңға сәйкес "Мемлекеттік сатып алу туралы" заң аясында ашық конкурс арқылы сатып алынғанын мәлімдеді. Бұдан бөлек әкімдік өкілі сатып алу рәсімінің ашықтығы мен бәсекелестігін қамтамасыз етті деп жауап берген.
Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы ақпаратқа сәйкес Алматы облысы әкімдігі 2023 жылы ең ірі автодилер компаниясынан жалпы сомасы 562 миллион теңгеге автокөліктер сатып алған.
Ал әкімдік ғимаратының күзетшісі журналистке Toyota Land Cruiser 300 көлігімен әкімнің өзі келгенін айтқан. Алайда бұл қымбат көлік нақты кімге тиесілі екені әзірге белгісіз. Қазақстанда Toyota Land Cruiser 300 көлігінің жаңа үлгісінің бағасы жинақталуына байланысты өзгеріп отырады. Ресми дилерлердің мәліметінше, оның бастапқы бағасы – 47 690 000 теңгеден басталып, 69 490 000 теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Дегенмен Алматы облысының әлеуметтік және экономикалық дамуына ықпал етуге тиіс "Қонаев" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ президенттің бюджет қаражатын үнемдеуге қатысты берген тапсырмасынан кейін қымбат көліктер сатып алғаны анықталды.
Атап айтқанда, Toyota Land Cruiser 300 маркалы жол талғамайтын көлікке 61 миллион теңге, ал жайлы KIA K9 көлігіне 34,9 миллион теңге жұмсаған. Кейін бұл екі көлік те облыс әкімдігінің иелігіне өтеусіз түрде берілген.
Фото: Egov.Рress арнаснан скриншот жасалған
Фотода жылжымалы мүліктің тізімі, бағасы және маркасы көрсетілген.
- 2024 жылы шыққан, қара түсті, VIN: MXIS5415DRK050232, мемлекеттік нөмірі 866BF05, KIA K9 автокөлігі – 34 990 000 теңге.
- 2024 жылы шыққан, қара түсті, VIN: JTMABABJ204134866, мемлекеттік нөмірі 844BF05, Toyota Land Cruiser 300 автокөлігі – 61 000 000 теңге.
- Жалпы сомасы – 95 990 000 теңге.
Алматы облысы әкімінің аппараты автокөліктер тек қызметтік мақсатта пайдаланылады деп түсіндірді.
"Алматы облысы әкімдігіне тиесілі барлық автокөліктер 2015 жылғы 18 сәуірдегі №179 қаулыға сәйкес мемлекеттік қызметкерлер арасында бөлінген. Осыған орай автокөліктер тек қызметтік мақсатта пайдаланылады. Көлікті өтеусіз қабылдау туралы шешім қолданыстағы заңнама талаптарына сай қаулы негізінде рәсімделген", – деп жауап берді Алматы облысының әкімдігі.