Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы метросында жаңа турникеттер кептеліс туғызып, тұрғындар шағымданды

Фото: Видеодан скрин

Алматы метросында орнатылған жаңа турникеттер жолаушыларға қолайсыздық туғызып, ұзын кезектердің пайда болуына себеп болды. Тұрғындардың айтуынша, билет оқу процесі тым баяу жүріп, метроға кіру уақыты бірнеше есе ұзарған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы тұрғындары метрополитендегі жаңа турникеттерге шағымдануда. Олардың айтуынша, құрылғылар билеттерді 20-30 секунд ішінде ғана оқиды, соның салдарынан ұзын-сонар кезек қалыптасқан. 

Қала тұрғыны әлеуметтік желіде метро станциясындағы кезекті түсіріп, видео жариялаған. Оның сөзінше, Бауыржан Момышұлы станциясы станциясында жаңа терминалдар баяу жұмыс істеп, жолаушылардың жиналуына себеп болған.

Ал Алматы әкімдігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ресми мәліметке сәйкес, қазір метрополитенде турникеттерді жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба аясында әмбебап турникеттер енгізіліп жатыр. Олар келесі төлем тәсілдерін қабылдай алады:

  • QR-коды бар қағаз билеттер
  • банк карталары
  • Apple Pay
  • Samsung Pay және басқа да тәсілдер

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жаңарту жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырып, турникеттердегі кептелісті азайтуға бағытталған.

Сонымен қатар мамандар QR-код пен жетондарды оқу уақыты бірдей екенін атап өтті. Қазір метрополитен қызметкерлері жабдықтардың жұмысын тұрақты бақылауда ұстап, ақаулар анықталған жағдайда жедел шаралар қабылданбақ. Жетондардан бас тартып, QR-кодқа көшу бірнеше себепке байланысты:

  • жетон қабылдайтын механизмдердің жиі істен шығуы
  • қосалқы бөлшектердің тапшылығы және қымбаттығы
  • Оңай және Avtobys жүйелерімен біріктіру мүмкіндігі

Әкімдіктің мәліметінше, қазір метрополитендегі турникеттердің 50%-дан астамы жаңартылып, барлық төлем түрлерін қабылдайды. Ал QR-коды бар қағаз билеттер барлық станцияларда енгізілген. Қағаз билеттер бір реттік сапарға арналған және басқа төлем тәсілдері жоқ жолаушылар үшін қолданылады.



Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап автокөліктердің мемлекеттік нөмірін (сан мен әріп комбинациясын) өз қалауы бойынша таңдау мүмкіндігін беретін жаңа норма күшіне енді. Осы өзгерістен кейін мамандандырылған ХҚКО-ларға сұраныс күрт артып, көптеген қалада ұзын-сонар кезек пайда болғанын жазған едік.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 26 Наурыз, 2026 16:14