Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы метросында 26 жастағы жігіттің қазасы: Досаев қандай өзгерістер енгізілетінін айтты

10 желтоқсанда Алматыда метроның “Абай” станциясында 26 жастағы жігіт рельске құлап мерт болды. Қала әкімі Ерболат Досаев аталған жағдайға қатысты алдағы уақытта қандай шаралар қолданылатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Жақында "Қазақ зағиптар қоғамы" рельске құлап қаза болған жігіт туралы айтып, метроның зағиптар үшін ыңғайсыз екенін жеткізген еді. Қоғамдастықтың мәлімдеуінше, бекеттен вагонға жеткенге дейінгі жол ұзақ. Сондай-ақ қасыңда адам болмаса, жалғыз жүру қауіпті, дейді. Осы жағдайда метроны зағип жандарға ыңғайлы ету үшін қандай шара қоланылатынын Алматы қаласының әкімі айтып берді. Ерболат Досаевтың сөзінше, 2025 жылы платформаға арнайы турникеттер бекітіледі. 



“Бұл оқиға бәрімізге ауыр тиді. Әуелі, марқұмның отбасына шын жүректен көңіл айтамын. Оқиға орнында көптеген адамдар, жас жігіттер болды. Мүмкін біреу көмек қолын созса. Қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді. Біз бәріміз Алматыда тұрамыз, бұл біздің ортақ үйіміз. Бәріміз бірдей болған соң, осындай жағдайға куә болсаңыздар, бірден көмектессеңіздер. Бұл өте маңызды. ”,  – деді әкім.

Сондай-ақ әкім қаланың қазіргі инфрақұрылымы инклюзивті Алматыны салу үшін қажетті стандарттарға сәйкес келмейтінін айтты. 

“Желіде қайғылы оқиғаның видеосы тарады. Өздеріңіз көргендей екі вагонның ортасы бос болып қалған. Ол бос орынды жабатын затқа тапсырыс бердік. 2025 жылы берген тапсырысымыз жетеді. Қазіргі уақытта жұмыс істейтін станцияларға турникет қойылады. Жаңа метро станцияларын жобалау кезінде бұл стандарттар міндетті болады”, – деді қала әкімі. 

Сондай-ақ зағиптар қоғамы соңғы уақытта самокаттардың көшеде шашылып жатқанына көптеген шағымдар болғанын, көру қабілеті нашар адамдар үнемі олардың үстіне құлап кететінін айтты. Досаевтың сөзінше, мұндай жағдайда 

“Самокат ол да ең қиын жұмыс. Өткен жылы заңға Ішкі істер министрлігі өзгеріс енгізді. Алайда самокаттарды тұраққа қою жағы шешілмей тұр. Бұл мәселе Алматы мен Астана қаласында бар. Алдағы уақытта мәслихатпен бекітілетін ереже енгізіледі. Соның ішінде қай жерде тұрақ жасау керек, деген мәселені де шешеміз”, – дейді әкім. 

Еске салайық, бұған дейін Алматыда метроның "Абай" станциясында көзі нашар көретін 26 жастағы жігіт рельске құлап, көз жұмғанын жаздық. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап, куәгерлер оны құтқаруға тырысқаны байқалды. Полиция мен жедел жәрдем дереу жеткенімен, азаматты аман алып қалу мүмкін болмады. Оқиғаға байланысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. "Абай" станциясы уақытша жабылып, пойыздар ол бекетке тоқтамайды. Метроның басқа станциялары қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.

Талқылау