26 жастағы жігіт рельске құлап кеткен: Алматы метросы оқиғаның мән-жайын айтып берді
Алматы метросы Абай стансасындағы 26 жастағы көзі нашар көретін жігіт көз жұмған қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Метрополитен басшылығының айтуынша, Алматы метросының әрбір станциясында жолаушылардың, оның ішінде жүріп-тұруы шектеулі адамдардың қауіпсіздік ережелерін сақтауын қадағалауға міндетті кезекші қызметкер бар.
"10 желтоқсанда көзі нашар көретін жолаушы мекеме қызметкерін өзін ертіп жүрген адам барып айтып, кезекшінің көмегінен бас тартқан. Кейінірек бейнежазбалардан оның платформаға түсуіне кездейсоқ жолаушылар көмектескені анықталды. Оқиғаға дейінгі бейнежазбалар марқұмның метроның тұрақты пайдаланушысы болғанын және үнемі өзін ертіп жүретін адаммен бірге келіп жүргенін көрсетті", – делінген хабарламада.
Алдағы уақытта мұндай оқиғалардың алдын алу үшін 11 желтоқсаннан бастап жүріп-тұруы шектеулі адамдарға жанында ертіп жүретін адамының бар-жоғына қарамастан, бақылап жүретін метро қызметкерінсіз метрополитенге кіруге тыйым салынды.
"Осындай оқиғалардың алдын алу үшін мекеме метро платформаларына платформалық есіктерді (screen doors) орнату мәселесін де қарастыруда. Бұл жолаушылардың қауіпсіздігін арттырып, оларды рельстерге құлаудан немесе рельс жолына рұқсатсыз кіруден сақтайды. Алайда бұл қосымша қомақты қаржыны талап етеді, тиісті сұраныс жіберілді", – делінген метрополитен басшылығының хабарламасында.
Сондай-ақ мекеме басшылығы марқұмның туыстарымен байланысқа шығып, "өздері көрсеткен формада және көлемде" қажетті көмек көрсеткендерін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы метрода көзі нашар көретін 26 жастағы жігіт рельске құлап, көз жұмғаны туралы жазған едік.