Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы метросы Алатау қаласына дейін ұзартылмақ

Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматы метросының үшінші желісін Алатау қаласынан Мизам базары арқылы қазіргі Сайран бекетіне дейін салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекеттік сатып алулар сайтында үшінші метро желісінің құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) дайындау туралы екі хабарландыру орналастырылды. Жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланып отыр::

  • бірінші учаске – Алатаудан Мизам базарына дейін;
  • екіншісі – Мизам базарынан Сайран станциясына дейін.

Тапсырыс беруші – Алматы қалалық ұтқырлық басқармасы. Жобаны бастауға қала әкімдігінің 2025 жылы 18 сәуірдегі қаулысы негіз болды. Бірінші бөлім бойынша құжаттаманы әзірлеуге 1,3 миллиард теңге (1 351 054 778), екіншісіне 896 миллион теңге (896 459 961) бөлінді. Екі жоба бойынша да ашық тендер 2025 жылдың 11 маусымы мен 18 маусымы аралығында өтеді. Жұмыс 2026 жылдың 31 мамырына дейін аяқталады.



Мемлекеттік сатып алулар сайтында жарияланған мәліметтерге сәйкес, Алатау қаласынан Мизам базарына дейінгі учаскеде 7 бекет салу жоспарланып отыр:

  • №1 бекет — Gate City маңында, "Северный" көлік торабы аумағында;
  • №2 бекет — "Кемел" шағын ауданының жанында;
  • №3 бекет — Солтүстік айналма жолы мен Боралдай көшесінің қиылысында;
  • №4 бекет — Солтүстік айналма жолдың бойында, Сауда көшесімен қиылысында;
  • ⁠№5 бекет — Солтүстік айналма жолдың бойында, әскери бөлімнің жанында;
  • №6 бекет — Кенжехан базарының қасында;
  • №7 бекет — Мизам базарының аумағында;

Сондай-ақ "Северный" көлік торабының солтүстігінде орналасатын электр қоймасына желі тарту да жоспарланған.

Мизам базарынан Сайран станциясына дейінгі учаскеде 5 бекет болады:

  • №1 бекет — Солтүстік айналма жолдың бойында, Ялян базарының аумағында;
  • №2 бекет — Солтүстік айналма жолдың бойында, "Адем" сауда үйінің аумағында;
  • №3 бекет — Райымбек даңғылы мен Тілендиев көшесінің қиылысында;
  • №4 бекет — Төле би мен Тілендиев көшелерінің қиылысында;
  • ⁠№5 бекет — Абай даңғылы мен Тілендиев көшесінің қиылысында (метрополитеннің бірінші желісіне көшуді ұйымдастырумен).

Сонымен қатар жобада құрылыс алаңдарын анықтау, жолаушылар ағынын болжау, отандық құрылыс материалдарын пайдалану, сәулеттік шешімдер әзірлеу, қоршаған ортаны қорғау шаралары, мүгедектігі бар жандар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету және басқа да міндетті талаптарды орындау қарастырылған.

2021 жылдың қараша айында Алматыдағы метро желісі "Алтын Орда" базарына қарама-қарсы орналасқан "Барлық" базарына дейін ұзартылатыны белгілі болды.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда "Қалқаман" метро бекеті 2026 жылы қаңтарда ашылатыны айтылған еді.

Жұмаділлә Нұрила
Сейсенбі, 10 Маусым, 2025 11:18
Талқылау