Алматы хайуанаттар бағының есепшісі 32 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінді
Алматы хайуанаттар бағының есепші-кассирі ақша жымқырды деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: advisor.travel
Медеу аудандық прокуратурасының мәліметінше, хайуанаттар бағының есепші-кассирі 2015 жылдың желтоқсан айынан 2016 жылдың қазан айына дейін көрсетілген қызметтер үшін сатылған билеттер туралы мәліметтерді компьютерден өшіру арқылы 32 миллион 390,7 мың теңгені иемденіп кеткен.
"16 тамызда Алматы қаласы Медеу ауданы №2 сотының санкциясымен "Алматы зоологиялық бағына" тиесілі аса ірі көлемдегі қаржыны жымқырып, иемденді деген күдікке ілінген азаматша Н-ға қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы қолданылды", – делінген прокуратура хабарламасында.
Есепшіге қатысты “сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемдену немесе ысырап ету” және “бухгалтерлік есеп пен қаржылық есеп туралы заңнамасын бұзу” баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Еске салсақ, бұған дейін Жетісу облысында 1,6 миллиард теңге жымқырған білім бөлімінің есепшілері сотталған еді.