Алматыдағы хайуанаттар бағы басқа қалаға көшіріледі деген ақпарат тарады
Алатау қаласында бірқатар министрліктердің вице-министрлерінің қатысуымен өткен жобалық кеңсенің отырысында Алматыдағы әйгілі хайуанаттар бағының басқа қалаға көшірілетіні айтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Алматы хайуанаттар бағы
“Алатауда қала инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар тоқтаған жоқ. Қазір қалада туризм, логистика, өнеркәсіп, білім және бизнес сияқты негізгі бағыттарды қамтитын 11 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленіп жатыр”, – деп мәлімдеді Алматы облысы әкімдігі.
Ұлттық экономика, әділет, ауыл шаруашылығы, көлік, құрылыс және инфрақұрылым, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрлерінің қатысуымен өткен кеңесте келесі мәселелер талқыланды:
- Туризм инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы шеңберінде Алматы хайуанаттар бағын Алатау аумағына көшіру;
- EPC-келісімшарттарын пайдалану механизмін және үлескерлердің қаражатын эскроу шоттарына тарта отырып, тұрғын үй құрылысын қаржыландыру құралдарын енгізу;
- Қала шегінде ауыл шаруашылығы жерлерін қайта бөлу және оларды қала құрылысы саясатына біріктіру мәселелері;
- Инновациялық көлік, оның ішінде әуе таксилері үшін сынақ ортасын құру.
Алайда Алматы әкімдігі зоопарктің басқа қалаға көшірілетіні туралы ақпаратты жоққа шығарды.
“Алматы хайуанаттар бағы жұмысын бұрынғы жерде жалғастырып келеді, басқа қалаға көшіру жоспарда жоқ. Алматы қаласының аумағын дамыту жоспары аясында хайуанаттар бағын халықаралық стандарттарға сәйкес зоогеографиялық қағида бойынша жаңғырту мен реконструкциялау көзделген. Биыл жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша байқау жариялау жоспарланған. Реконструкциялау жұмыстары кезең-кезеңімен 2028 жылға дейін жүзеге асырылады”, – деп мәлімдеді Алматы қаласы Мәдениет басқармасы.
Басқарманың мәліметінше, реконструкциялау аясында жүргізілетін жұмыстар жануарларды ұстау жағдайын айтарлықтай жақсартып, хайуанаттар бағына келушілер үшін жайлылық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ отырыс барысында Алатаудың инвестициялық тартымдылығын арттыру және кадрлық әлеуетті нығайту үшін Алатауда жұмыс істейтін мамандарды ипотекалық несиелеу лимитін арттыру ұсынылды.
Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев тұрғындардың сұранысы мен тұрғын үй нысандарының құрылыс қарқынын ескере отырып, бұл бағдарламаны кеңейту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Бұған дейін торға құлап кеткен зоопарк қызметкерінің арыстанға жем болғаны туралы жазған едік.