Алматы базарында магнит сатып, шетелдікке қазақша үйреткен оқушыға екі университет 4 жылдық грант сыйлады
Фото: Видеодан скрин
Алматы базарында филиппиндік блогерге қазақша үйреткен жасөспірімге швейцариялық және Қазақ Америка университетінен 4 жылдық грант сыйлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Базарда шетелдік азаматқа қазақша үйреткен, қазақ тіліне деген жанашырлығымен және патриоттығымен көзге түскен оқушы Нұржол Сатыбалды “Қызық Times” бағдарламасында күтпеген сыйлық алды. Мектепте және көк базарда жүріп ағылшын тілін үйреніп жүрген оқушы екі бірдей университтің грантына ие болды. Сыйлықты Қазақ Америка университетінің басқарушы серіктесі Абылай Алатаев табыстады.
“Қазақ Америка университетінің атынан 4 жылға тегін оқуға грант. Қазақ Америка университетінте тек өзіміздің диплом емес, серіктестердің де дипломын береміз. Сондай-ақ өз грантымыздан бөлек, Швейцариялық университеттің 4 жылдық грантын сыйға тартамыз. Сондықтан бүгін үйге бір емес, екі 4 жылдық грантпен кетесің”, – деді Абылай Алатаев Нұржолды қуанышымен құттықтап.
Бағдарлама жүргізушілері университетте грантпен оқуы үшін Нұржолдың мектепті жақсы бағаға аяқтау керек екенін атап өтті.
Сертификаттарды табыстау барысында сахнаға Нұржолдың әкесі шығып, баршаға алғысын білдірді.
“Баламның көтеріліп жатқаны қазақ халқының қолдануының арқасы. Баршаңызға Алла разы болсын, үйлеріңізде осындай қуанышты күндер көп болсын”, – деді Нұржолдың әкесі.
Сондай-ақ “Балқадиша” әнімен танылған дзьюдошы Бекболат Исаға да “Қызық Times” бағдарламасында премия табысталды. Басты сыйлықтардың бірі – Қазақстандағы танымал профориентатор Бақыт Зиябектің Дубайға университет аралап, мамандық таңдау үшін берілген жолдамасы.
“Өнер мен спортта мықты екеніңді дәлелдедің. Сені шын жүректен құттықтаймын. Білім жолында жаңа шабыт, үлкен мотивация алу үшін Дубайға жеті күндік университет аралау, мамандық таңдау жолдамасын ұсынғым келеді”, – деді Бақыт Зиятбек.
Бұған дейін Алматы базарында оқушы филиппиндік туриске қазақша "рақмет" деп айтуды үйретіп, көпшілікті тәнті еткен еді.