Алматы әуежайындағы барлық дүңгіршек кәсіпкерлердің наразылығына қарамастан бұзылады
Фото: Видеодан скрин
Алматы әуежайындағы дүңгіршектер түгел бұзылмақ. Алматы соты бұрын қабылданған үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Гуля Әлімбаева 2025 жылғы 23 мамырдағы шешімі осы іс бойынша өзгеріссіз қалдырылсын деп шешім шығарды.
"Апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын. Қаулы жарияланған күнінен бастап заңды күшіне енеді. Қаулыға процестің қатысушылары кассация шағымын бере алады. Сондай-ақ прокурор заңды күшіне енген күннен бастап алты ай ішінде кассация өтінішхатын енгізе алады", – деді судья.
Алдыңғы сот отырысында сот кәсіпкерлермен әуежай арасындағы дауды шешуге он күн уақыт берілген. Сотта кәсіпкерлердің өтініші де тыңдалды. Алайда 20 жылдан бері кәсіп істеп жүрген Айжан Бектібаева соттың шешіміне үзілді-кесілді қарсы. Ол аяғына дейін барамын деп бекініп отыр.
Даудың басы екі жыл бұрын басталған. Шағымданып отырған 30-дан астам жеке кәсіпкерлердің қол астында 200-ге жуық жұмысшысы бар. Әрқайсысының кәсібі әртүрлі. Бірі асханамен айналысса, енді бірі кәдесый сатады.
"Біз бұны былай қалдырмаймыз. Сот шешімімен келіспейміз. Көп уақыт бойы бұны күткенбіз. Біздің сұрағымыз қала деңгейінде болып жатыр. Бұл бірінші күн емес, тіпті екі жыл болды. Ешқандай әділдік жоқ. Қазір аппеляция бойынша ұтылып жатырмыз. Бірақ кассацияға беруге алты ай уақытымыз бар. Бұл сұрақты бұлай қалдырмаймыз", – деді Айжан Бектібаева.
Еске салайық, бұған дейін Алматы халықаралық әуежайы бес кезеңдік даму жоспарын таныстырған еді. Жоспар 2025 жылдан басталып, негізгі терминал мен ұшу-қону жолағын жаңарту, жаңа тұрақтар мен инфрақұрылым салуды көздейді. Алдағы 25 жылда жобаларға шамамен 1,5 млрд доллар инвестиция тартылуы мүмкін.

"Эфирден қиып тастайды, концертке қатыстырмайды": Қазақстандық шоу-бизнес өкілдері хиджаб кигені үшін түрлі кемсітуге тап болған
