Алматы әуежайында жасөспірімнің кесірінен рейстер кешігіп, ұшуға шектеу қойылды
Алматы қаласының терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабы жасөспірімнің сәтсіз қалжыңы рейстердің кешігуіне себеп болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ ұшуға уақытша шектеу қойылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: 2Gis
Алматы халықаралық әуежайында жасөспірімдердің бірі әзілдеп, досының сөмкесінде жарылғыш зат бар деп хабарлаған. Салдарынан дереу қауіпсіздік шаралары қолға алынып, ұшақ пен барлық жолаушы толық тексеруден өтті. Осы себепті рейстер кешігіп, әуежайда ұшуға шектеу қойылды.
“Мұндай хабарламалар, тіпті әзіл ретінде айтылса да, қауіпсіздікке төнетін ықтимал қатер ретінде қабылданады. Сондықтан дереу тиісті тексеру шаралары жүргізіледі, ал кейбір жағдайларда құқықбұзушы заң бойынша жауапкершілікке тартылады”, – деп мәлімдеді Алматы қаласының терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабы.
Ведомство азаматтардан жауапкершілік танытып, тексеру аймағында және әуе кемесінің бортында қауіп-қатерге, қаруға, жарылғыш заттарға және басқа да қауіпті тақырыптарға қатысты сөздер мен сөз тіркестерін қолданбауға шақырды. Сондай-ақ мұндай "әзілдердің" орынсыз екенін айтып, ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Бұған дейін танысының кетуіне кедергі жасамақ болған қазақстандық сотталған еді.

"Алдағы 10 жылда мұнай қоры таусылады": Сарапшылар "қара алтынсыз" Қазақстанның болашағы қандай боларын болжады
