Алматы әуежайын әлі 25 жыл салу жоспарланып отыр
Фото: Stan.kz
Алматыда 2050 жылға дейінгі халықаралық әуежайдың даму бас жоспары таныстырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Халықаралық Алматы әуежайының президенті Гөкер Косенің айтуынша, жоспар әуежай инфрақұрылымын кеңейту мен жаңғыртуға кезең-кезеңімен инвестиция салуды көздейді.
Бағдарлама бес кезеңнен тұрады. Оның алғашқысы 2025 жылы басталып, 2028 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Тек бірінші кезеңнің өзінде 130-ға жуық жоба жүзеге асырылады. Жалпы инвестиция көлемі 362 миллион долларға (194,76 миллиард теңге) дейін жетуі мүмкін.
"Ірі жобалардың бірі ішкі рейстер терминалын толықтай жаңғырту және ұзындығы 4400 метр болатын жаңа ұшақ жүру жолағын (рулеж жолын) салу болады. Негізгі ұшу-қону жолағы толығымен бұзылып, оның орнына бетон төселген жаңа жолақ салынады. Сонымен қатар жүк ұшақтарына арналған тұрақ (перрон) пен техникалық қызмет көрсетуге арналған ангар салынады. Бұған қоса, арнайы реагенттерді жинап, қайта өңдейтін жүйесі бар мұзға қарсы алаң жасалады", – деді Гөкер Косе.
Бірінші кезең аясында VIP-перрон мен ұшақтарға арналған тұрақтарды қайта жаңарту, аэродром кешенін салу, жанармай инфрақұрылымын жаңарту, сондай-ақ әуежай жанынан жаңа қонақүй мен көп деңгейлі автотұрақ салу жоспарланған.
"2025 жылы 12,5 миллион жолаушыға қызмет көрсетеміз. Олардың жартысы халықаралық бағытта. Қазірдің өзінде біз тәулігіне 150 рейс жасаймыз және тұрақты өсімді байқап отырмыз. Horizon бұл заман талаптарына берілген жауабымыз. Біз жылына 40 миллион жолаушыға дейін қызмет көрсете алатын заманауи, экологиялық және технологиялық инфрақұрылым жасаймыз", – деп атап өтті әуежай басшысы.
Әуежай президенті жалпы инвестиция көлемін нақты атаған жоқ, себебі бұл ұзақ мерзімді жоба. Дегенмен ол 25 жылда әуежайды дамытуға шамамен 1,5 миллиард доллар көлемінде инвестиция тартылуы мүмкін екенін айтты.
Айта кетейік, Алматыда Қазақстан авиациясы тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобаға ресми түрде бастау берілді. Оңтүстік астананың халықаралық әуежайы 2050 жылға дейінгі Horizon атты даму стратегиясын жүзеге асыруды бастады. Бұл бағдарлама Алматы әуежайын Еуразия кеңістігіндегі заманауи авиациялық хабқа айналдыруды мақсат етеді.
Астана әуежайында үшінші жолаушылар терминалы салынбақ
Қазақстанда келесі жылы Ұлттық әуе жүк компаниясы ашылмақ
Еске салайық, бұған дейін Алматы әуежайында бірнеше жылдан бері шағын бизнесін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер наразылық білдірді. Әуежай басшылығы ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін, сол себепті "заңсыз" ашылған кафелер мен сауда орындары, дүңгіршектер бұзылатынын мәлімдеп, орынды босатуды сұраған.

"Сүт қосылған шай ішіп, Күнге қарап табынады": Қазақстанда шектеу қойылған "Алля Аят" діни-мистикалық ұйымы ауыл халқын үрейде ұстап отыр
