Алматы әкімдігі Наталия Сац атындағы театрды қайта қалпына келтіруге бөлінген 22 млрд теңгенің қалай игерілетінін айтты
Наталья Сац атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ғимаратты қайта қалпына келтіруге неліктен 21,7 миллиард теңге жұмсалатынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Время
Бұған дейін, 13 қаңтарда Алматы қалалық құрылыс басқармасы мемлекеттік сатып алулар сайтында театр ғимаратын кеңейтумен қайта құру туралы ақпарат жариялады. Онда лот сомасы 21,7 миллиард теңге екені көрсетілген. Құрылыстың жалпы уақыты: 16 ай.
Осы орайда Stan.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігіне, театрды қалпына келтіруге бөлінген 21 миллиард теңгеге қандай жұмыс атқарылады, жалпы сома қалай игеріледі, неге көп бөлінген, деген сауалдармен жүгінді. Қалалық басқарма мәліметінше, құрылыс жобасы 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған.
Алматы қалалық құрылыс басқармасының басшысы Алмас Шабдарбаевтың айтуынша, театр ғимаратын қайта құру жобасы қоғам өкілдері мен сарапшылар арасында кеңінен талқыланған. Нәтижесінде, алдағы уақытта театрдың тірек құрылымдары нығайтылып, шатыр мен қасбет тақталары ауыстырылады дейді. Сондай-ақ барлық инженерлік коммуникация жаңартылады екен.
Фото: Алматы қаласы әкімдігі
"Ғимарат толық автоматты өрт сөндіру жүйесімен жабдықталады. Театр жабдықтары, сахна, жарықтандыру толықтай жаңартылып, орындықтар арасындағы өтпелер кеңейтіледі. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай жасалады. Сондай-ақ бастапқы жобаға сәйкес, холлдың еден жабыны мен фойедегі мозаика да қалпына келтіріледі", – деді басқарма басшысы.
Басқарма басшысының сөзінше, жұмыстардың барлығы 14,6 мың шаршы метр болатын қолданыстағы ғимаратты қайта жаңарту аясында жүргізіледі.
"Ғимарат жанында 10 мың шаршы метрлік үш қабатты жаңа ғимарат салынады. Жаңа ғимаратта 200 орындық сахнасы бар зал, грим бөлмелері, шеберханалар мен цехтарға арналған бөлмелер жасалады. Декорацияларды сақтауға арналған қоймалар, көркемдік жетекші қызметкерлерге арналған кабинеттер, балалар театр студиясына арналған оқу сахнасы мен сыныптар орналасады. Екі ғимаратты галереялық өткел байланыстырады", – дейді Шабдарбаев.
Фото: Алматы қаласы әкімдігі
Сондай-ақ басқарма басшысы ғимаратты заманауи жабдықпен қамтамасыз етуге қанша ақша жұмсалатынын жеткізді.
"Жалпы екі ғимаратты заманауи жабдықпен толық қамтамасыз етуге шамамен 6 миллиард теңге қажет. Қолданыстағы ғимаратты қайта жаңартуға 6 миллиард теңге және жаңа ғимарат салуға шамамен 9 миллиард теңге қарастырылған. Сондай-ақ екі ғимаратты байланыстыратын галерея салынады. Сыртқы желілер ауыстырылады және іргелес аумақты көгалдандыру мен көркейту жұмыстары жүргізіледі. Бұл ауқымды жоба, жұмыс аяқталғаннан кейін театр қаланың шығыс бөлігінде тұрғындар жиі келетін орынға айналады", – деді Алмас Шабдарбаев.
Ал театрдың бас режиссері Ирина Симонова театр ғимараты қазір "қираудың алдында тұрғанын" айтты.
"Театр 1980 жылдары салынған және ешқашан күрделі жөндеуден өтпеген. Сонымен қатар қосалқы бөлмелер мен қоймалар жетіспейді", – дейді Симонова.
Фото: Алматы қаласы әкімдігі