Алматы әкімдігі тұрғындарды бейнекамерадан бақылау үшін 2,4 миллиард теңге жұмсамақ
Алматы әкімдігі адам көп жиналатын орындардағы жағдайды бақылау үшін бейнекамералар орнатпақ. Ведомство кеңістікті нақты уақыт режимінде қадағалайтын камералардан ақпаратты тарататын мердігер іздеп жатыр. Хабарландыру мемлекеттік сатып алулар сайтында жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Рexels.com
Алматы әкімдігі нақты уақыт режимінде қадағалайтын бейнебақылау камералары үшін 2,4 миллиард теңге жұмсамақ.
Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы құжаттарда цифрландыру бөлімі жолдарда, саябақтарда, аулаларда, мектептерде, мешіттерде, шіркеулерде, ауруханаларда және ойын-сауда орталықтарында болып жатқан оқиғаларды нақты уақыт режимінде бақылағысы келетіні көрсетілген.
Алматыда 3050 бейнебақылау камерасы бар. Ондағы жазбалар Дата орталыққа жіберілуі қажет. Әкімдік осылайша қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттырып, тәртіпті сақтауға болатынын түсіндірді.
Үш жылға 2,4 миллиард теңге бөлінуі мүмкін. 2025 жылға – 714,7 миллион теңге, 2026 жылға – 857,6 миллион теңге, 2027 жылға – 857,6 миллион теңге. Мемлекеттік сатып алулар сайтында өтінімдерді қабылдау 2 сәуірге дейін жалғасады.
Бұған дейін Иран хиджаб кию ережесін сақтамаған әйелдерді дронмен бақылайтыны туралы жазған едік.