Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алкоголь бірінші орында": Министрлік қазақстандықтардың денсаулығына төнетін негізгі қауіптерді атады

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда зиянды әдеттердің салдарынан зардап шегетін адамдар саны артып келеді. Олардың ішінде алкоголь бірінші орында тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігіне қарасты ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының басқарма төрағасы Ерік Байжүнісов мәлімдеді.

Министрлік өкілі журналистердің қазақстандықтардың денсаулығына төнетін негізгі қауіптер туралы сұрағына жауап берді.

“Бірінші орынға алкогольді ішімдіктер ішуді қояр едім. Қазақстанда оны тұтыну деңгейі әлі де жоғары деңгейде. Бұл көрсеткіш тек сатылған алкоголь өнімдерінің көлемімен ғана емес, медицинада бауыр циррозына шалдыққан науқастар саны арқылы да анықталады”, – деді Байжүнісов.

Министрлік өкілінің айтуынша, елде мұндай науқастар саны өсіп келеді.

"Соңғы бес жылда бауыр циррозымен ауыратын науқастар саны 1,2 есе, бауыр обыры бойынша – 1,3 есе, созылмалы В және С вирустық гепатиттерімен ауыратындар саны 2,5 есе өскен", – деді Ерік Байжүнісов. 

Сарапшының айтуынша, ерекше алаңдаушылық тудыратын мәселелердің бірі энергетикалық сусындардың танымалдығының артуы.

"Бізде энергетикалық сусындарға байланысты мәселе пайда болды, олар барлық сауда нүктелерінде кеңінен сатыла бастады. Олардың зиянын көре бастадық: бұл жүрек-қан тамырлары жүйесіне, асқазанға, бауырға және т.б. әсер етеді", – деді министрлік өкілі. 

Сонымен қатар елімізде темекі шегу деңгейі де өскен. 

"Қазақстанда темекі шегу деңгейі 20,7%-ға жетті: ер адамдарда бұл көрсеткіш 36%-дан 39%-ға өссе, ал әйелдерде – 8,5%-ға дейін", – деді сарапшы. 

Ерік Байжүнісов адамдардың зиянды әдеттері де өзгеріп келе жатқанын атап өтті.

"Егер дәстүрлі түрде темекі шегуге қарсы күресіп келсек, соңғы уақытта оларға вейптер мен басқа құрылғылар қосылды. Зиянды әдеттер де дамып келеді, зиянды заттарды ағзаға жеткізудің жаңа әдістері ойлап табылуда", – дейді министрлік өкілі. 
Дана Русланқызы
Жұма, 27 Наурыз, 2026 20:09